Жітіқара қаласында спорт алаңдары жетіспейді
40 мыңға жуық тұрғыны бар Жітіқара қаласында спорт нысандары жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе қыс мезгілінде қиын. Жаттығамын деушілер көп, алайда қаладағы жалғыз дене шынықтыру кешенінде орын тапшы. Ойын алаңдары да аздық етеді. Ал орталықтағы футбол алаңы тозып тұр.
Жітіқарада тас көшеде доп қуған балалар жиі кездеседі. Себебі арнайы жарақталған ойын алаңдары жетіспейді. Бас аяғы қалада 10 шағын футбол алаңы бар. Биыл тағы төртеу қосылады деп отыр. Бірақ ол да аздық етеді.
Әлібек Мұқанов, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
- Қазіргі таңда тек біздің спорт мектебіне 824 оқушы қатысады. Қала бойынша 2,5 мың бала болады. Орын жетіспейді бізде. Бала саны биыл былтырға қарағанда шамалы көбейіп кетті. Енді оларға орын да жоқ, жаңағы спортпен айналасатын алаңдар да жоқ, спортзалдар жоқ.
Қала орталығындағы мынау стадион сонау Кеңес заманында салынған. Нысан күні бүгінге дейін еш жөндеу көрмеген. Мұнда доп теппек түгілі, арамшөптен аяқ алып жүру қиын. Аудандық әкімдіктегілер осы жазда стадионды жаңалаймыз деп отыр.
Зульфия Орманова, ЖІТІҚАРА ауданы әкімінің орынбасары:
- Биыл оны қайта жаңғыртамыз. Заманауи жаңа стадион пайда болады. Бұл нысанның құрылысы меморандум шеңберінде тартылған қаржы есебінен жүргізіледі. Ал жаяу жүргінші жолы мен көлік тоқтайтын орын салуға аудандық бюджеттен қаржы бөлінеді.
Стадионды жаңғыртуға 158 миллион тенге жұмсалады. Алдағы тамыз айында тапсыру міндеттелген. Одан бөлек, қала іргесіндегі Забелов ауылында да жаңа футбол алаңын салу жоспарда бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.