Алматыда Қазақстан жазушылар одағының төрағасы сайланды
«Төл әдебиетімізді заман талабына сай жаңғыртып, көкжиегін кеңейте түсу – маңызды міндет. Осы орайда бір елге ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені сөзсіз». Мемлекет басшысының Жазушылар одағының құрылтайына жолдаған құттықтауында осылай делінген.
Құттықтауды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі оқып берді.
Қаламгерлердің ХVI құрылтайы есеп беруден басталды. Ұлықбек Есдәулет басқарған өткен 5 жылда одақтың қоржыны мүшелік жарна, нысанды жалға беру және мемлекеттік тапсырыстардан жалпы сомасы 1,4 млрд-қа толыққан. Қомақты қаражат «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» журналдарын қаржыландыруға, шығармашылық кештер өткізуге және қаламгерлерге әлеуметтік көмек көрсетуге жаратылыпты. Құрылтайға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Төл әдебиетіміздің заман талабына сай жаңғыртып, көкжиегін кеңейте түсу, маңызды міндет. Осы орайда бір елге ғана емес адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені сөзсіз. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын.
Жазушылар одағына мүше 970 жазушының талап-тілегі де аз емес. Олар алдағы 5 жылда жазушыларға көңіл бөлініп, шығармаларамыз насихатталса дейді.
Тұрысбек Сәукетаев, жазушы:
- Жазушылар одағы біздің жақсы шығармаларымызды халыққа кеңінен насихаттау керек. Жазушы өзіне тиесілі еңбегіне ақы алу керек. Осы мәселені шешу керек. Ең бір үлкен қазіргі күрделі мәселе, жазушылар, мысалы үшін, өзінің еңбегіне өз дәрежесінде ақы алмайды. Қайыршының күнін көріп отыр деуге болады.
Ақылбек Шаяхмет, ақын, журналист:
- Балалар әдебиетіне көбірек көңіл аударса екен дейміз. Өйткені біздің болашағымыз балалар ғой. Сол балалар әдебиеті, балалар жылы деп айқайлап, даурыққанымыз болмаса, балаларға арналған суретті кітапшалар өте аз.
5 жыл сайын өтіп ұйымдастырылатын дәстүрлі жиынға бұл жолы еліміздің әр өңірінен 538 адам қатысты. Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымның 19-шы төрағасы болып Мереке Құкенов сайланды. Жаңа басшы алдағы уақытта ұмыт болған жанрларға басымдық бермек. Нақтырақ айтсақ, сын жанры, фантастикалық және шытырман оқиғалаларды көбейтпек. Ол үшін қаржылық қолдау болатынын айтты.
Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Стратегиялық әріптес деген пунктпен заң бойынша енді Қазақстан жазушылар одағын мемлекет қаржыландыратын болады. Бюджетке кіреміз, құдай қаласа, сонда біздің Жазушылар одағының өзінің жағдайы да, жазушылардың да жағдайы жақсарады. Ақын-жазушылардың кітабын шығаруға да мемлекет қатты көңіл бөліп отыр. Мысалы, сіздің 20 баспа табақ кітабыңыз шықса, оған гонарарға 5 млн ақша аласыз.
Ендігі 5 жылдық жазушылардың жаңа шығармаларын жіпке тізіуден басталмақ. Жас қаламгерлердің қабілетін байқап, татымды туындыларын кітап қылып басу жоспарланып отыр. Талантты ақындардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып, өңірлерге сапар жасаймыз, - дейді жаңа төраға.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев, Мұхит Құдықбаев.