Жамбыл облысындағы апатты мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Жамбыл облысындағы Дінмұхамед Қонаев ауылының оқушылары апатты мектепте оқуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқу ордасының едені опырылып, қабырғалары жарты ай бұрын жарылған еді. Дегенмен жауаптылар бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары басталғанын айтып, кемшілікті түзейміз деп отыр.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қонаев ауылындағы мектеп 2015 жылы қолданысқа берілген. Бірақ сырты бүгін оқу ордасының іші қирап жатыр. Мектептің бастауыш бөлігінде қабырғалар жарылып, едені толықтай түсіп кеткен.
Мерей Бает, тілші:
- Бастауыш блоктың ең қатты зардап шеккен бөлігі – мына дәліз. Мұндағы еден 50 сантиметрге дейін жерге опырылып түскен. Айта кетерлігі, бұған дейін мұндай апатты жағдай былтыр мектептің негізгі бөлігінде орын алған.
Мектеп басшылығы жағдайдың 2 апта бұрын болғанын айтып отыр. Екі қабатты бастауыш ғимарат апатты болғандықтан, ондағы 100-ден аса бала көшірілген. Қазір оқушылар кітапхана мен әдістемелік және директор кабинетінде дәріс алуда.
Баян Тәжиева, тәрбиеші:
- Мысалы, балаларға мына жерде ыңғайсыз, біз сабақ та өте алмаймыз. Балалар жүгіріп не істей алмайды, мысалы ше. Біздің өзімізге қолайсыз болып тұр. Ертерек біз кабинетімізге оралсақ.
Ағарту ошағы ашылғалы мәселеден көз ашпады, - дейді мұғалімдер. Себебі былтыр ғана 9 миллион теңгеге жуық қаржыға жөндеу жасалса да, олқылығы тағы шығып жатыр. Мектеп басшысы ғимаратқа о баста дұрыс жер таңдалмағанын алға тартады.
Рымжан Омаров, мектеп директоры:
- Ол жердің бірінші қабатының құрылысының трамбовка дұрыс жөндеп жасалмаған шығар. Мүмкін одан да болар. Астында шұңқыр болған, «погреб» болды деп жатыр елдер. Соның үстіне соғылған мектеп.
Аудандық білім бөлімі мектептің қанша қаржыға салынғанын айта алмады. Дегенмен білім беру ошағын жөндеуді былтырғы мердігерге жүктеген екен.
Бауыржан Самылтыров, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі күні тағы да ақаулар анықталды жасалған жұмыстың артынан. Ол кеткен ақаулар бойынша мердігер тарапынан бүгінгі күні кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша барлық материалдар толық жеткізілді мектепке. Ертең жөндеу жұмыстары басталатын болады.
Айта кетерлігі, Т.Рысқұлов ауданында мектепті жөндеу жұмыстарынан жиі шикілік табылып тұрады. Бұдан бұрын Құлан мен Қарақат ауылдарындағы ағарту ошақтары оқу жылына дайын болмай, балалар мәдениет үйінде оқыған еді.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.