Шымкенттегі әуежайдың жаңа терминалы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі
Шымкенттегі халықаралық әуежайдың жаңа терминалы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасының өкілдері нысан құрылысы пандемия мен сот процестеріне байланысты созбалаңға салынғанын мәлімдеді. Өйткені инвестордың құрылысты жалғастыруға жобалаған 6 гектар жер телімі ескі терминалға тиесілі болып, бөлісе алмады. Қазір тараптар ортақ мәмілеге келмесе де, нысан құрылысы аяқталып қалды. Шатыры жабылып, сыртқы қасбеті толық монтаждалды. Сондай-ақ инженерлік желілері тартылып, қажетті жабдықтары жеткізілді. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мұхтар Қоқанбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Инвестор тарапынан биыл жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Ішіндегі эскалатор, траволаторлар, лифтілер – барлығы орнатылып қойылған. Екінші кезекте авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, адамның қол жүктерін тексеретін құрылғылардың бәрі әкелінді.