Қостанай облысының 4 музейі Ақтөбеде көшпелі көрме өткізіп жатыр
Шара халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған.
Көрмеге тарихи тұлғаның киімі, өзі тартқан домбыра мен туыстарының жеке заттары қойылған. 1916 жылғы патша жарлығынан кейінгі қазақ даласында болған оқиғалар туралы архив құжаттарын да көруге болады. Амангелді Имановтың Ақтөбе өңірімен де байланысы бар. Оның Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде өңірдің Ырғыз ауданында екі мыңнан астам сарбаз жинағаны туралы деректер кездеседі. Көшпелі көрме Ақтөбеде бір ай бойы болады, кейін елдің өзге де қалаларында ұйымдастырылады.
Батырхан Жұмабай, Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры:
- Ақтөбе жерінде де Амангелдінің тұяғының дүбірі өткен. Яғни оның серіктестері болған, оның әскерлері болған. Бұл көрменің басты құндылықтары сол 1916 жылғы батырдың және соның сарбаздары, мыңбастарының, ол туралы өлең жазған ақындарының жеке заттары. Сонымен қатар, қазақ суретінің негізін салушы, кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің алғашқы батырды салған портреті.