«Алматы жастары» ипотекасына құжат қабылдау басталды

«Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталды.

Үміткерлер 31 мамырға дейін өтініш тапсыра алады. Сосын 20 жұмыс күн ішінде жоғары бал жинаған алғашқы 1000 адамға жолдама беріледі. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының, журналистер, құқық қорғау органдары мен ғылыми-зерттеу орталықтары және ЖОО қызметкерлері қатыса алады. Биылдан бастап қатарға қалалық коммуналдық шаруашылық мамандары қосылды. Өтінім берушілердің AlmatyZhastary.kz сайтында құжат тапсыру кезіндегі көп кездесетін қателіктері де айтылды. Нақтыласақ, саласын дұрыс таңдамайды, үйі жоқ деген анықтаманы «Қазақстан бойынша» деп алмайды және ЖОО қызметкерлері мектеп және колледждерге арналған «Білім» саласын таңдау арқылы қателік жасайды екен. Тағы бір ақпар, биыл бәсекелестігі жоғары салалар үшін тағы 100 жолдама қосылды.

Азат Исламов, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Биылға жоспар бойынша 1100-ден кем емес. Яғни жылда мыңнан кем емес болады. Одан бөлек қосымша 100 үміткерге қосымша қаражат бөлініп, олар елуі мұғалімдерге, елуі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне бөлінеді. Яғни осы екі салада бізде жыл сайынғы өзіміздің тәжірибеміз көрсеткендей осы саладан өте көп өтінім келіп түседі.