Қалта ұрлығы тыйылмай тұр
Қоғамдық орындардағы қылмыстың 70 пайызы ұрлық.
Оның жартысынан көбінде ұялы телефонды қолды ету дерегі тіркеледі. Қалта ұрлығының да үлесі басым.
Алматыдағы қоғамдық көлікте белгісіз әйел жанында отырған жолаушының телефонын қолды етті. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жергілікті полиция күдіктіні ұстады. Қазір 31 жастағы келіншектің өзге қылмыстық оқиғаларға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Жыл басынан бері қалта ұрыларының құрығына түсіп, байланыс құралынан айырылған 4000 қазақстандық полицияға шағымданған.
Нұралы Тәңірбергенов, Астана қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:
- Қалта ұрылары әдетте қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде белсенділік танытады. Олар бір немесе бірнеше адам болып әрекет етеді. Мысалы, бірнеше адам болып әрекет еткен кезде олар бірінші адам құрбандығын бақылап тұрса, екіншісі оның затын ұрлайды. Үшіншісіне ұсынып беріп жібереді. Үшінші адам көліктен кетіп қалады. Солай әрекет етеді.
Әрине, адамның бәрінен күдіктене бермейміз ғой. Кәсіби сиқыршы Александр Ткачук сенімге кіріп, көңілге селкеу түсірудің бір жолын көрсетті. Әріптесімнің телефоны өзінде қалды әлбетте. Бірақ, бұл мысал сақтықта қорлық жоғын тағы бір дәлелдеді.
Александр Ткачук, кәсіби сиқыршы:
- Мұндай техниканы үйрену қиын емес. Алаяқтар әдетте классикалық әдістерді қолданады. Байқаусызда сізді қағып кеткендей болып, кешірім сұрайды. Осы сәтте сізге жақындап, қалтаңыздағы заттарды алып кетеді. Сол себепті әмиян не басқа да бағалы заттарыңызды артқы және алдыңғы қалтада ұстамаңыз. Мүлкіңізді барынша көрінбейтін жерде сақтағаныңыз жөн.
Ұрлық түбі - қорлық. Жастайынан өзгенің қалтасына қол сұғуды әдетке айналдырған Алексей Иванов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Павлодарлық азаматтың жазасын өтеп жатқанына үш жыл болған. Ауру қалса да әдет қалмайтыны рас сияқты. Кейіпкеріміз бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін бірнеше мәрте сотты болыпты. Қазір жастық шағының қапаста өтіп кеткеніне өкінеді.
Алексей Иванов, жазасын өтеуші:
- Түрмеден шыққан соң мені ешкім жұмысқа алғысы келмеді. Ол кезде есірткіге тәуелді едім. Ақша керек болды. Осылайша үш-төрт жыл бойы базар аралап, адам көп жүретін жерлерді торуылдадым. Ұрлық жасадым. Міне осы әрекетім үшін үшінші рет сотталдым. Бұл жолы 5 жылға бас бостандығымнан айырды. Соңғы рет автобустағы қарт әйелдің әмиянын алған едім, қасындағы жолаушылар байқап қалып, полицияға ұстап берді. Қазір әрекетім үшін ұяламын.
Ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстардың 80% меншікке қарсы жасалады. Яғни ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық жайттары. Оның дені мегаполистерде және Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында тіркеледі. Соңғы 5 жылда өзгенің мүлкін қолды ету деректері 66 пайызға төмендеген. Алдын алу шаралары нәтижесін берді. Ең бастысы, қылмысты ашу көрсеткіші де өсіпті.
Нұралы Тәңірбергенов, Астана қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Бұл қылмыс түрін ашу жылдан жылға жақсарып келеді. Себебі өздеріңіз білетіндей Елордада бейнекамерамен жабдықталған. Яғни барша қоғамдық көліктерде бар деп айтуға болады. Сол бейнекамералардың көмегімен бұл қылмыс түрін ашу бізге жақсы нәтиже беріп отыр. Бұл ұрлық түріне ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігінде көзделген 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Енді елде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланып жатыр. Оған сай қылмыстық көрсеткішті едәуір төмендету көзделеді.
Мерей Мұратханқызы, Мейрам Жүнісов