Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды
Орал қаласында гидравликалық сынақ кезінде жылу құбырларының жарылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Зашаған кенті, Мөңкеұлы ауданындағы жылу желісі әбден ескірген. Әсіресе №3 бу қазандығынан шығатын темір құбырлар тозып тұр. Салдарынан, 4 мыңдай тұрғыны бар 18 көпқабатты үйді ыстық сумен, жылумен қамту кезінде қиындықтар болды. Енді жалпы ұзындығы 2 500 метр құбыр жаңартылады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл жұмыстарға 500 миллион теңге қажет. «Төтенше жағдай жариялаған себебіміз - қажетті соманы төтенше жағдайлар резервінен бөлу және жөндеу жүргізетін мердігерді тендерсіз жедел анықтау», - дейді шаһар басшылығы. Сондай-ақ, ауданда жаңадан арықтар салынды. Себебі, бұрынғы жылу құбырларының 10 жыл болмай шіріп кетуіне осы дренаждық жүйедегі қателіктер себеп болған.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Шұғыл түрде апаттың алдын алу жұмыстарын бастамасақ, келесі қыс кезеңіне 18 көпқабатты тұрғын үй дайын болмау қаупі бар. Жақын арада осы жұмыстарды атқаратын мердігер компанияны анықтау қажет. Мемлекеттік сатып алу заңдарына сәйкес төтенше жағдай жариялаған жағдайда келісім шарт бір көзден жасалады. Сол себепті қазір мердігерді анықтаудамыз.