Ақтөбеде «Бейуақ» қойылымының премьерасы өтті
Отбасы күнінде Ақтөбеде мектеп оқушыларының қатысуымен «Бейуақ» қойылымының тұсаукесері өтті.
Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың сахнасында сомдалған пъеса көрерменнің көңілінен шықты. Қойылымда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге қамтылған.
Отбасылық-трагедиялық қойылымды сахна төріне шығарған №78 мектеп-гимназиясының жоғарғы сынып оқушылары. Театр өнеріне құштар балалар кәсіби маман болмаса да, бұған дейін бұл спектаклді бірнеше рет қойып, ата-аналар мен мұғалімдердің ықыласына бөленіпті. Себебі әрқайсы өзіне берілген рөлді шынайы сомдай біледі. Ал оларды дайындаған кәсіби режиссер емес, музыка пәнінің мұғалімі.
Фархат Шынтеміров, музыка пәнінің мұғалімі:
- Думан Рамазанның «Бейуақ»отбасылық-трагедиялық спектаклі. Бұл негізі сол 80-ші, 90-шы жылдардағы өмір баяндалады. Бірақ біз осы қазір 2000 жылдардағы отбасыға әкенің тілін алмау, ананың сөзінен аттап кетуді қазіргі сол мектепте да сол отбасы құндылықтарын қатар насихаттау арқылы осы спектаклді таңдап алған болатынбыз.
Қойылым қазіргі замандағы көп отбасының тұрмыс-тірлігін анық көрсетеді. Желісі бойынша бір үйде тәрбиеленген үш ұл мен бір қыз жұмыссыздық, жалақының аздығы секілді мәселені бала күнінен сезініп өседі. Ал ер жетіп есейген шақта бірі ойынқұмарлыққа салынса, енді бірі ойланбастан өзге ағымның жетегіне ерген. Ал қыз шетелдік азаматты жар етпекші. Алайда, ата-ананың ақылымен өз жолдарының бұрыс екенін түсініп, қайта өмір бастауға бет бұрады. Қойылым көрерменнің көңінен шықты.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Нақты өмірден талай көріністер осы жерде көрсетілді. Білім мен ақыл туралы біраз ойды ортаға салдыңыздар, керемет. Әрбір мектепте осындай керемет дүниелер бар екенінен ешқандай күмәнім жоқ.
Мектеп оқушыларының өнері елеусіз қалмады. Қойылымды сахнаға шығарған білім ұясы облыс әкімінің алғыс хаты мен ақшалай сыйылығына ие болды. Ал мектептің «Жанталас» актерлік үйірмесіне тұрақты қатысқан үш түлек бүгінде өнер саласы бойынша білім алып жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев