Қазақстанның газ өндіруден әлеуеті зор
Тіпті әлемдегі озық 10 елдің қатарына енетіндей мүмкіндігі бар.
Бұл туралы газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың алғашқы форумында айтылды. Бұған дейін жүргізілген барлау жұмыстары 4 трлн текше метрге жуық газ қоры барын растаған. Алайда жер қойнауындағы қор бұдан 16 есе көп деген болжам келтіріледі. Форумда әлеуеті зор салаға қаржы құяр инвесторларды ынталандырудың тетігі ұсынылды.
Қазақстанның әлемдік газ нарығында ойып тұрып орын алатындай әлеуеті бар. QAZAQGAZ ұлттық компаниясы төрағасының айтуынша, еліміздің расталған газ қоры – 3,8 трлн текше метр, болжамдық ресурс - 62 трлн текше метр шамасында. Сондықтан, көгілдір отын өндіру мен өңдеуге қатысты қолға алынған реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға қомақты үлес қоса алады.
Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ төрағасы:
- Бізде негізі 15 осадочный бассейн дейді ғой геологиялық тілмен айтқанда. Көптеген сол 15-тің ішінде 3-4-уі ғана жақсы игерілген. Қалғаны бәрі малоизученный – яғни көбі игерілмеген. Сондықтан потенциалы өте жоғары. Оның бәрі геологиялық барлау жасау үшін газ бағасы дұрыс болуы керек өндірушілерге арналған.
Қазақстан жылына 53 млрд текше метр газ өндірсе, оның тек жартысы өңделеді. Қайта өңдеуді жолға қою үшін газ өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін барлау мен бұрғылауды жүргізетін инвесторларға тартымды баға ұсынған жөн. Өйткені 10 ұңғыманың тек екеуі ғана пайда әкелуі мүмкін. Осы орайда, өндірушілерді қаржылық тұрғыдан ынталандыратын жаңа баға ұсынылды.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қазіргі таңда егер біз орташа есеппен газдың бағасы 50 доллар болса мың текше метрге, енді міне жаңа формула арқылы біздің күтілуіміз 110-120 доллар мың текше метрге. Сол себепті барлау жұмыстарын жандандыруды күтіп отырмыз.
Осылайша жаңа баға есебінен 2030 жылға қарай газ өндірісін 9 млрд текше метрге ұлғайту көзделіп отыр. Айта кетерлігі, Қашағанда тұралап қалған газ өңдеу зауыты қайта жанданды. Жылына 4 млрд текше метр газ өңдейтін тағы бір зауыт салу жоспарда бар. Форум қорытындысы бойынша, QazaqGaz 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компаниямен қосымша газ сатып алу жөнінде алдын ала келісімдерге қол қойды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев