Алматыдағы инклюзивті шеберхананың жетістігі

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар балаларға компьютерлік бағдарламалауды үйрететін ойын жинақтарын шығаруда.

Инклюзивті шеберхананың жұмысшылары бағдаршамнан бастап, смарт үйдің ағаш макеттеріне дейін жасайды. Бұл өнімдерді Алматыдағы бірнеше мектептің оқушылары қолданып, бағдарламалаудың бастапқы кезеңдерін меңгеруде. Мобильді қосымшадағы электронды нұсқаулық арқылы 8 бен 17 жас аралығындағы жеткіншектер өз бетінше құрылғы құрастыра алады. «Әлеуметтік жоба арқылы балаларды үйретіп, әрі мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып отырмыз», - дейді жоба жетекшілері. Қазір мұнда төрт ерекше қажеттілігі бар азамат еңбек етуде. Олар жасаған ағаш макеттерді Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріне шығару жоспарда бар. 

Айта кету керек, инклюзивті шеберхана жұмысшылары 2019 жылдан бері сөйлеуі кешеуілдеген балаларды дамытуға арналған ойыншықтар шығарып келеді. Оларды қолданған 10 мыңға жуық бүлдіршіннің басым көпшілігі қатарластарымен бірге мектепте білім алып жүр. 

Майя Мұқантай, жоба директоры:

- Біз барлық қызметкерлерді ресми түрде жұмысқа орналастырып, әлеуметтік төлемдер, еңбекақы төлейміз. Сондай-ақ сатудан түсетін процент те бар.  Әрбір сатылған жинақтан үстеме қосылады. Қалалық еңбекпен қамту басқармасымен тығыз байланыстамыз. Жолдамамен келген ерекше қажеттілігі бар азаматтармен әңгімелесіп, талапқа сай болса жұмысқа қабылдаймыз.