Жамбыл облысында егіс алқаптарына су жетпей жатыр
Жамбыл облысында 1500 гектарға жуық бау-бақша мен егіс алқабы құрғап қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі Исмаил каналын су жырып, тіршілік нәрі алқаптарға жетпей жатыр. Арнаны қалпына келтіру жұмыстары да созылып кетті. Диқандар енді бір апта су болмаса шығынға батамыз дейді.
Фахардин Шарипов биыл 40 гектар жерге пияз еккен. Шаруа әр гектарға 950 мың теңгеге жұмсағанын айтады. Бірақ 1,5 ай бұрын сепкен дәні көктемей жатып, солып қалатын түрі бар.
Фахардин Шарипов, шаруа:
- Бізге су 15 сәуірде болады деп айтқан. Сол үшін біз ектік. Уақытылы бәрін жасадық. Енді су жоқ. Мынау шыдамайды қазір. Бір жұмада су келмесе, пияз шыдамайды.
Исмаил каналының бойындағы алқаптарға 30-дан аса диқан бау-бақша екен. Пияз бен картоптан өзге, арпа, 1500 мал азығына қажетті гектарға майлы дақылдар егілді.
Ахат Исмаилов, шаруа:
- 1 жүйектің 1 метрінде 80-ге жуық дақыл шығуы керек еді. Қазір дәннің 5-6 данасы ғана жарып шыққан. Мұндай өніммен біз салған қаржымызды да ақтай алмаймыз. Жаңбырлатып суару үшін мына құрылғыны орнатқанбыз. Енді босқа тұр. Біз онсызда бір айға кешігіп жатырмыз. Апта ішінде су келмесе, егін жинау науқанына үлгермеуіміз мүмкін.
Бақша салу маусымы басталған кезде-ақ мәселе туындаған еді. Ұзындығы 18 шақырым болатын Исмаил каналындағы механикалық тазалау жұмыстары кешеуілдеген. Сондықтан суармалы су да кешігіп берілді. Сол тұста арнаны су бұзып, су тарату жедел тоқтатылды. 10 күн бойы жөнделгенен кейін азғантай уақыт берілді. Бірақ каналдың іргесінен тағы жарық пайда болды.
Ерлан Өтегенов, «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры:
- Апаттық учаскені толықтай бетондау жұмыстарын жасаймыз. Жарылған жер 60 метрдей. Біз артығымен алып жатырмыз. 300 метрдей Г блокпен толық бетондалады. Сол кезде мүлдем фильтрация, су өтпейді.
Жауаптылар канал арнасын бір аптада қатайтып, су беруді қалпына келтіреміз деп отыр. Оған дейін алқаптарға суды басқа арнамен жеткізу жолын қарастырып жатыр.
Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Райс каналының бойындағы Қаратау елді мекенінің шару қожалықтарымен де келіссөздер жүргізіп, толығымен бір рет суаруға мынау каналдың біткеніне дейін суды беру мүмкіншілігін толық қарастырып отыр. Толығымен осы Райс каналымен барлық мүмкіншілікті пайдаланып егілген дақылдардың барлығын сақтап қалу мақсатында жұмысын жүргізіп жатыр.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында 264 су арнасы бар. Оның барлығын қайта жаңғырту үшін Еуропалық даму банкі мен республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінді. 2019 жылдан басталған құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталуы тиіс.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.