БҚО-да 60 млн теңге жалақы түрінде ұстаздарға заңсыз төленді
Батыс Қазақстан облысында 11 білім беру мекемесінде 100 млн теңгеге жуық қазына қаржысы желге ұшқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның 60 млн-ы жалақы түрінде ұстаздарға заңсыз төленіпті. Яғни, білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары мамандардың біліктілік санатын қолдан көтеріп, жалақы қорын негізсіз ұлғайтқан. Бұл іске қарапайым мұғалімдердің қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Қазір тергеу алды амалдары жүріп жатыр. Заң бұзушылықтар Оралдағы оқу-өндірістік комбинатында, кешкі мектепте, №10-шы, 20-шы, 25-ші, 41-ші, 4-ші білім ордаларында, Серебряков мектебінде, Абай атындағы мектеп-интернатта, №18 және №30 балабақшаларда анықталған.
Әділхан Сабыров, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында кең көлемді тексеруді бастағанбыз. Облыста 700-дей білім беру мекемесі бар. Соның күні бүгін 100-ге жуығы тексерілді. 11-нен жаңағыдай заңбұзушылықтар анықталды. Толық ақпаратты тергеу аяқталған соң айтатын боламыз.