СҚО-да 464 келі есірткі заты тәркіленді
Солтүстік Қазақстандық тәртіп сақшылары аса ірі көлемде есірткі тасымалдамақ болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Астана-Петропавл тасжолында күдік тудырған «Volkswagen Passat» автокөлігін тоқтатпақ болады. Алайда жүргізуші оны елемей, керісінше, жасырынуға тырысқан. Дегенмен көп ұзамай, Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылының маңында қолға түсті. 29 және 30 жастағы күдіктілер Петропавл қаласының тұрғындары екен. Алғашқысы осыған дейін есірткіге қатысты істі болған.
Көліктің жүксалғышынан 5 қап өсімдік тектес зат табылды. Сараптама барысында оның жалпы салмағы 128 келі тартатын кептірілген марихуанна екені анықталды. Сондай-ақ тінту кезінде сезіктілердің бірінің көлікжайынан тағы 300 келі марихуана мен 21 келіден аса гашиш табылды. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Руслан Назаров, облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Жүргізілген сараптамаға сәйкес тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 464 келіні құрады. Бұл облыста соңғы 10 жылда тәркіленген есірткінің ең ірі партиясы болып табылады. Аталған факті ҚР ҚК 297-бабы, 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 2 адам ұсталынып, бүгінгі күні тұтқынға алынды.