Елордада әлеуметтік желідегі ұлттық тәрбие мәселесі көтерілді
Балалардың 95%-і бос уақытын әлеуметтік желіде өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал ондағы ұлттық тәрбиенің әлеуеті қандай? Осы тақырыпта «Білім-Инновация» халықаралық қоры сауалнама өткізген-ді. Бір айға созылған шараға 20 300-ден астам педагог қатысты.
Бүгін бұл мәселе Елордадағы форсайт-тренингте де талқыланды. Өңірлерден келген ұстаздар ұлттық тәрбиені күшейтуге қатысты пікірлерін білдірді. Ал семинардан кейін Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жолданады.
Айта кетейік, форсайт-тренинг 2 ай сайын еліміздің әр өңірінде өтіп тұрады.
Дархан Ермаханұлы, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті:
- Қазіргі таңда әлеуметтік желіде жастарымыздың 69%-і отыр. Бұл – берілген статистика. Ал шын мәнінде қарайтын болсақ, мен 95% деп айтар едім. Демек біздің балаларымызды әлеуметтік желілер тәрбиелеп отыр. Біз ұлттық құндылықтарға негізделген контент жасамайтын болсақ, біз көп мәселеде кешігіп қалуымыз мүмкін.
Индира Мұратәлиева, мұғалім:
- Мен практик ретінде айта аламын, бірінші сынып қабылдаған кезде бала деген өзінің әрпін білмейді. Оған ағылшын тілін білу керек болады. Одан кейін орыс тілін қосқан кезде балада кәдімгідей үлкен стресс болды. Ұлттық тәрбиені беру үшін бастауышта тек ана тілінен бастау керек. Міндетті түрде математика қасына және дүниетану. Болды.