Адвокаттың заң жағынан тегін көмек көрсету жүйесін күшейту керек

Елдегі мемлекеттік кепілдендірілген заңдық көмек көрсету жүйесін түбегейлі өзгерту керек.

Сенат қабырғасында өткен отырыста Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев осылай деді.

Айтуынша, қазіргі бағдарлама тиімсіз. Азаматтарға тегін заң қызметін көрсететін адвокаттарға төленетін қаржы тарифі тым төмен. Мардымсыз қаражат тәжірибелі, әрі сауатты адвокаттарды ынталандырмайды. Соның салдарынан  мемлекет сеніп тапсырып отырған азаматтардың құқығы тиісті деңгейде қорғалмайды. Қазір елде 6 мыңға жуық маман адвокаттық қызмет көрсетеді. Оның 2200-ден астамы мемлекеттік кепілдендірілген заңдық көмек көрсетуге тартылған. Адам құқығын қорғау жүйесін күшейтуді көздеген осы жиында ауыл азаматтарының құқығын қорғау мәселесі де сөз болды. Енді мемлекет кепілдік берген заң көмегі ауыл тұрғындарына онлайн көрсетілуі мүмкін.

Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:

- Цифрлық дәуірде міндетті түрде әр ауылға бір-бір адвокаттан отырғызбай ол жерге мобильді қосымша болса, керек болса видеозвонок болсын, 1414 звондау болсын сондай-сондай цифрлық технологиялардың көмегімен жеткізген дұрыс деп оайлаймын. Содан бастаймыз. Ол мәселе көтерілді. Жиынның осы құжаттары шығады. Толықтай қарап жан-жақты анализ жасап оған жауап беретін боламыз.

Амангелді Толамысов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заңдарға қандай өзгерістер керек. Толықтырулар керек. Осы бағытта дөңгелек үстел өткіздік. Баяндамалардың негізінде ұсыныстарды біз жинастырып үш күн ішінде тағы уақыт бердік 19-шы мамырға дейін ұсыныстарын берсе біздің комитет Үкімет мен құзырлы органдарға беріп осы мәселені жетілдіру мақсатында жұмыстар атқарамыз бірігіп.