Шарасызға қорған болған Ана үйіне он жыл толды

«Ана үйіне» 10 жыл.

Тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болғандарға қамқоршы қор осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам қазақстандық әйелге қолдау көрсеткен.

Ақтөбеде 300 жалғызбасты жанға медеу болды. Бүгінгі мерейлі күн кеңінен аталып өтті.

Индира Миллер бесік-арбалары шеруінде ертегілер әлемінің періштесі тақырыбын таңдаған. «Аналар үйінің» шарасызға қорған, панасызға қалқан екендігін көрсеткім келді дейді. Себебі өзі де қоғамдық қордан қолдау тапқандардың бірі. Бөбегіне ерекше күтім қажет екендігі белгілі болған сәтте-ақ тума-туыстан көз жазған. Нәресте шағынан жүрек дертіне ұшыраған бөбектің әкесі де ізін суытыпты.

Индира Миллер, «Ана үйінің» тұрғыны:

- Аналар үйіне тап болғаннан кейін тұлға ретінде дамып, қосымша білім алуға мүмкіндік алдым. Қазір СММ менеджер мамандығын тегін үйреніп жүрмін. 80 адам арасында іріктеліп, грантқа қол жеткіздім. Болашақта тұрақты жұмысқа орналасуыма болады. Баламның да баспанасы мен қажетті сүті, жаялығы бар екендігіне разымын.

Ақтөбедегі «Ана үйінің» қамқорында қазір 6 әйел мен 7 бала бар. Бүгін олар жаңа баспанаға көшіп, қоныс той атап өтті. Орталықтан пана тапқандар салтанатты шараның қадірлі қонақтарына қолқа салып, тәй-тәй басқан бөбектің тұсауы кесілді. Жалпы еліміздегі 21 ана үйі он жыл ішінде 6200-ден астам жанға қолдау көрсеткен. Бірлестік бүгінде бірнеше әлеуметтік миссияны мақсат еткен.

Сәния Әренова, «Ана үйі» жобасының жетекшісі:

- Балалардың жаңағы интернат мекемелеріне түсуін азайту. Сосын жаңағы балалардан бас тартудың алдын алу. Осы жұмыстар ең біріншіден. Сосын жаңағы әлеуметтік жетімдікті жою Қазақстанда. 

Бұдан бөлек күнделікті міндет те бар. Мәселен сағы сынған әйелдерге психологиялық қолдау көрсету. Құқықтық тұрғыдан ақыл-кеңес беру. Тіпті ері мен әйелін қайта татуластыруды да қолға алады. Бүгінгі салтанатты кеште қоғамдық қорға медеу болған демеушілермен кездесу де өтті. Қайырымды жандарға облыс әкімі атынан алғыс хат табыс етілді.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов