Оралдағы онкологиялық орталыққа маңызды қондырғы орнатылды
Обыр ауруына шалдыққандар өз қаласында сапалы ем алады.
Оралдағы Онкологиялық орталыққа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында құны 2 миллиард 700 миллион тұратын жаңа радиотерапиялық қондырғы орнатылды. Компьютерлік томографтың көмегімен мұнда әр науқасқа қажетті ем мөлшері жасанды интеллект арқылы есептеліп, обыр клеткалары фотонды сәулемен жойылады.
"Соның арқасында сырқаттар құлантаза жазылады немесе өмірі 5 жылға ұзарады", - дейді мамандар.
Соңғы үлгідегі мұндай қондырғы елде тек Алматыда ғана бар. Оралда сәулемен емдейтін аппарат бұрын болған. Бірақ 2018 жылы істен шығыпты. Содан бері науқастар Астана, Алматы қалаларына ат сабылтып жүрді. Емделу тегін болғанымен жолақысы бар, жамбаспұлы бар, әрі ауру адамға алыс сапарға шығу да оңай емес.
Ерлан Тоқсанов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Жылына сондай ем алуға мұқтаж азаматтар саны 700-800 адам Аппаратқа тоқтай кетсек, соңғы модификациясы. Ісіктің айналасындағы әлі ауруға шалдықпаған тканьдерге ешқандай зиянын тигізбейді. Тек қана обырдың өзін сәулемен күйдіріп кішірейтеді, кейбір жағдайда емдеп шығарады. Кейбір жағдайларда үлкен ісіктің көлемін кішірейтіп алып келеді де, сосын хирургиялық жолмен алып тастайды.