Елімізде 1 млн-нан астам жас жұмыс іздеп жүр

Белгілі жұмыс іздеу сервисінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 166 пайызға өсіп отыр.

Бұлардың арасында төрт жыл оқып, дипломы кәдеге жарамаған жастар да бар.

Қарағандылық Ольга Ларионова осыдан 5 жыл бұрын колледж бітірді. Туризм жөніндегі менеджер атанды. Алайда, жанымен қалаған мамандыққа деген махаббаты жұмыс іздеуге келгенде су сепкендей басылды. Себебі, жалақысы аз, туризмге қызығушылық төмен. Амал жоқ, мейрамханада хостес, яғни, келген меймандарды қарсы алып нан тауып жүр. 

Ольга Ларионова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Бізде қай жерге барсаң да тәжірибең керек. Ал оқуды кеше аяқтаған адамда тәжірибе болмайтыны заңдылық. Мен 2019 жылы туристік компанияға жұмысқа барған кезде айлығың 40 мың теңге болады деді. Одан кейін сауда орталықтарында сатушы болып 3 жылдай жұмыс істедім. Қазір хостеспін. Жұмыс қиын. Мейрамхана таңертең ашылып, түнгілік уақыттарға дейін жұмыс істейді. Әр қонақты қарсы алып, жайғастыруға міндеттісің. Бірақ, айлығы мамандық бойынша ұсынған айлықтан әлдеқайда жоғары.

Биыл қызметкер іздегендердің саны екі есеге жуық өсті. Ай сайын 12 мың жаңа жұмыс орны ұсынылады. Бір орынға 5 адамнан келеді. Алайда, жастар тарапынан сауда саласына қызығушылық жоғары. Себебі, мұнда жалақы 1 миллион теңгеге дейін барады. Ал бос жұмыс орындарының саны бойынша алғашқы үштікте Алматы, Астана және Қарағанды орналасқан. Сондай-ақ, кей жағдайда жастар жалақыға қосымша бонустар талап етеді.

Рахима Махмудова, PR-менеджер:

- Тек, жалақы ғана маңызды емес. Мәселен, фитнес залға абономент, медциниалық сақтандыру, такси қызметін, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін сұрайтын жастар бар. Олардың 47 пайызы ағылшын тілін жетік біледі. Көбіне, туризм, мейрамхана бизнесі, ақпараттық технология, маркетинг және жарнама саласында жұмыс істеуге қызығады.

Ресми мәлімет былтыр жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 79 пайызы жұмысқа орналасқанын айтады.

Айжан Жапалбаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары:

- Жалпы, 315 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның жартысына жуығы – жас азаматтар. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» деген жобалар іске асырылуда. Өткен жылғы статистикаға келер болсақ, 20 мыңнан астам жас «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасқан. Өздерінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Бір жылдың ішінде жұмыс тәжірибесін жинайды және де мемлекет тарапынан жалақы төленіп отырады. 103 мың теңге төленіп отырады.

Яғни, барлық шығынды мемлекет көтеріп алады. Бір жыл өтіл еңбек кітапшасына жазылады. Егер, жас маман өзін жақсы жағынан көрсетіп жатса, сол жерде тұрақтап қалады.

«Дегенмен, жастар жоғары жалақы, басшылық лауазым бір күнде келмейтінін түсінуі керек. Ол – жылдар бойы төгілген тердің жемісі. Мемлекеттік бағдарламалар – сол даңғыл жолға баспалдақ», - дейді министрлік өкілі.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Руслан Әлиев