Маңғыстау облысындағы жас сарбаздар атыс жаттығуына қатысты
Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскері құрамына қабылданған жас сарбаздар алғаш рет атыс жаттығуына қатысты.
Отан алдындағы борышын өтеп жатқан 300-ден аса жас жауынгердің «Оймашы» полигонында әскери дайындығы тексерілді.
Әр жауынгердің ұрысқа дайындығы тәлімгер офицерлердің жіті назарында. Нысанаға оқ атпас бұрын АК-74 автоматымен дұрыс көздеуді көрсетіп, окопта қалай жату керегін де үйретеді. Жиі айтылатын кеңестің бірі: оқу-жаттығу кезінде оқтаулы мылтықты адамға кезенуге болмайды.
19 жастағы сарбаз Рауан Базарбаев Орал қаласының тумасы. Бүгін ол алғаш рет қару ұстағанына қарамастан тәжірибелі командирлерін таң қалдырды. Нысананы дәл көздеп, 100 баллдың 88-ін жинады.
Рауан Базарбаев, сарбаз:
- Бүгін алғаш рет автоматтан атқан болатынмын, сезімім өте ерекше болып тұр. Армияға келгеніме ешқашанда өкінбеймін. 1 жыл ішінде қару-жарақ және әскери техникалардан осы полигонда оқ ататыныма сенімдімін.
Шәкәрім Нұрмағамбетов, бөлімше командирі:
- Топтық және жекелей атыс қаруынан оқ ату сабағы 4 тапсырмадан тұрады. Бұл жерде әр сарбазға окопта бекіну, позицияны дұрыс таңдау және нысананы өзіне қолайлы әрі қауіпсіз тұстан көздеуді үйретеміз. Жауынгерлердің үлгерімі жақсы. Оқу-жаттығудың ережесі бұзылған жоқ.
Бұл, «үздіктерге арналған үстел». Тәттілер мен газдалған сусындар атыс кезінде оғы мүлт кетпеген сарбаздарға беріледі. Жеке құрамды ынталандыру амалы армияда бұрыннан қолданыста бар.
Айта кетсек, теңіз жаяу әскері Қазақстан қарулы күштерінің элитасы саналады. Күштік құрылым жауды теңізден және құрлықта талқандауға машықтанған.
Данияр Оралбаев, взвод командирі:
- Жас сарбаздар бірінші күннен бастап өзін жақсы жағынан көрсетуде. Біздің берген білімдерімізді жақсы шыңдауда деген ойдамыз. Алдағы уақытта 20 мамырда сарбаздар әскери ант қабылдайтын болады.
Алдағы уақытта жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін үйренеді. Сондай-ақ апта сайын бес қаруын асынып, алыс қашықтыққа жорыққа шығады. Соғыс техникаларын жүргізуге машықтанады. Осылайша, нағыз теңіз жаяу әскеріне айналады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев