Қарағандыда үйге газ кіргізуге жеңілдік жасалады
Қарағанды қаласының тұрғындары енді үйге табиғи газ кіргізу үшін қомақты қаржы іздеп әуре болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ешқандай үстемесіз бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл бағдарлама тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы жүзеге асады. Әзірге тек осы өңірде қолға алынды. Сонымен қанша қанша үйге көгілдір отын тартылады?
Сәния Нығматулина 70 шаршы метр үйін жылыту үшін қыс бойы 10 тонна көмір жағып келген. Аязды күндері күл шығарып, отын тасу оңай емес, әрине. Енді ол бейнеттен құтылатын болды. Жаңа бағдарламада қарастырылған жеңілдікті пайдаланып, үйіне газ тартып алды.
Сәния Нығматулина, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бес жыл төлейміз. Ай сайын 12,5 мың теңгеден. Үстемесіз.
- Қазір қаладағы 4 мың үйге құбыр тартылса, әзірге соның тек 808-і ғана көгілдір отынға қосылған. Себебі қомақты төлемді көпшілігінің қалтасы көтермейді. Жаңа бағдарлама осы жұмысты жандандыру үшін қолға алынды. Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы биыл жеңілдікпен 300 үйге газ қосуды жоспарлап отыр. Келешекте 500-ге жеткізбек. Ал жалпы газдандыру жобасы аймақта 4 кезең бойынша жүзеге асады. Осы аралықта 16 газ тарату кешені салыну керек.
Марат Камалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бірінші кешенеді 2021 жылы тапсырдық. Екінші кешенді 2022 жылы тапсырдық. Мына үшінші кешенді 2023 жылдың қыркүйегінде тапсырамыз. Бірінші кешенге 1500 үй қосылды газға. Екінші кешен бойынша – 2500. Үшінші кешенге 2000 үй қосылады.
Егер қаржыландыру тоқтамаса, ауқымды жоба 2030 жылы аяқталуы тиіс. Шамамен 35 мың үй көгілдір отынмен қамтылады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.