Жамбыл облысында сақ мәдениетіне тән көне қазан табылды

Салмағы 50 келі болатын жәдігерді Бесағаш ауылының тұрғындары қабір қазып жатқанда аңғарған.

Ғалымдардың алдын-ала пайымдауы бойынша қазан біздің заманымызға дейінгі 5-3 ғасырлар аралығында жасалған. Яғни ерте темір дәуірі кезеңінде сақтар қолданған болуы мүмкін. Мамандар алдағы уақытта «көне жәдігерді жан-жақты зерттеп, қалпына келтірмек. Ал ауыл тұрғындары құнды жәдігер ауылда қалса», - дейді. Алдағы уақытта жергілікті билікпен бірігіп музей ашып, тарихи жерден табылған көне заттарды сонда қоймақ.

Сауран Қалиев, археолог:

- Қазіргі айтып отырған жәдігеріміз. Дәл сол ерте темір дәуіріне тән мәдениеттің кең тарағандығын, және қайталанбайтын қолөнер туындыларының болғандығын көрсетіп отыр. Осы Жамбыл облысының аймағында. Енді алдағы уақытта мен ойлаймын, бұл жерлерде сол зерттеуші археолог ғалымдардың қызығушылығын тудырып сол жерлерде кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе деген ойымыз бар.

Ертай Оразбаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Біздің ата бабамыздың айтуынша «Атлақ» шайқасы болған дейді ғой. Сол жерден біз жас кезде әбден таптық құмыралар. Қылыш шыққаны бар сынық. Ол тұр ғой кейбір үйлерде. Бәрін жинап Алла қаласа бір музей ашылады ғой. Мектеппен сөйлестік бәрі жақсы. Бір музей, мектептің бір бұрышынан бір музей ашамыз деді ғой.