Еліміздің кей өңірінде өрт қауіпті кезеңге дайындық көңіл көншітпейді

Кей өңірлерде табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жабдықталуы 50%-дан аспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті еліміздің көптеген орман шаруашылықтарында қолдану мерзімі аяқталған, ескі өрт сөндіру көліктерімен жүруге мәжбүр. Ал Ұлытау ұлттық саябағының Ырғыз-Торғай табиғат резерваттарында арнайы техника мүлдем жоқ.

Жыл сайын елде 1 мыңға жуық орман және дала, 4 мың табиғи өрті тіркеледі. Биыл 5 айдың өзінде 19 мың гектардан астам аумақ отқа оранған. Соңғы оқиға Іле-Алатау ұлттық паркінде болды. Өкінішке қарай, бұл саябақтағы қызыл жалынмен күрескен өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков қаза тапты.

Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігінің сөзінше, қазір өңірлердегі орман шаруашылығы мекемелерінің толық әзірлігі туралы айту қиын. Бұндай салғырттықтың салдары ертең соқпақты болуы мүмкін. Өйткені Қазгидромет мамандарының болжамы бойынша, биылғы жазда сынап бағанасының орташа деңгейі 25 градус төңірегінде болады. Ал күн ысыған кезде құрғақ шөп бірден лап беретіні бесенеден белгілі.

Елдос Зияда, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Мысалы, Атырау, Қызылорда, БҚО. Сол облыстарда техникалық жабдықтау 50%-ке дейін де жетпейді және де бізде 52%-ке дейін орман шаруашылықтарының техникасы ескірген. 60-70 жылдардағы техникалар.

Мәселен, Атырау облысында әкімдіктердің қарамағындағы мекемелердің жарақтандырылуы 30, Қызылордада 36, Түркістан өңірінде 45% болса, БҚО-да 47% екен.

Жалпы әкімдіктерге қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде бүгінде 255 өрт сөндіру көлігі бар. Оның 121-нің мерзімі аяқталған. Ал талап бойынша баланста 391 техника болу керек екен. Көлік тапшылығы бүгінде Түркістан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және ШҚО-да қатты сезіліп отыр.

Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Ырғыз-Торғай, Іле-Балқаш, Алтын Дала табиғат резерваттары мен Қорғалжын қорығы, Алтын Емел, Шарын және Ұлытау сынды ұлттық саябақтарда да жағдай көңіл көншітпейді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жарақтандыруды нормативтен 77% дейін жеткізуге және 2027 жылға қарай 100% дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы қамыспен жабылған, өтуге мүмкін емес батпақты жерлерде өрт сөндіру үшін батпақта жүретін арнайы көлік пен шалғы алу қарастырылып жатыр.

2,5 млн шаршы метр аумақта қамыс шабылады

Құрғақ шөп пен шабылмаған қамыс – дала өртіне алып келетін басты факторлардың бірі. Оны жинауға негізінен жергілікті атқарушы билік өкілдері жауапты. Уақытылы шабылмаған қамыстың жануы биыл Петропавл қаласында болып, тілсіз жау жеке секторға жайылған болатын. Кесірінен 9 баспана толығымен жанып кетті. Тағы екеуі тұруға жарамсыз болып қалды. Бүгінде зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Аузы күйген үрлеп ішеді. Жергілікті әкімдіктің мәлімдеуінше, биыл Петропавлда 2,5 млн шаршы метр аумақта қамыс шабылады екен.

Эльмира Сәдуақасова, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Биыл бұл жұмыспен 2,5 млн шаршы метрді қамту жоспарланып отыр. Айта кету керек, былтыр бұл жұмыс 143 мың шаршы метрде ғана жүргізілген болатын. Яғни, биыл 17 есеге көп территория қамтылатын болады.


Айта кету керек, қазіргі таңда бұл оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер анықталған жағдайда заң бойынша жауапқа тартылады, - дейді мамандар. Уақытылы шабылмаған қамыс пен жиналмаған құрғақ шөптен бөлек, минералданған жолақтардың жоқтығы да қынжылтады. Бұл орман өртінің алдын алуда басты кедергі екен. Мәселен, былтыр 127 рет жазық далада шыққан от орман алқаптарына ауысқан. Бұл – тоғайлардың басым бөлігі, яғни 85%-і осы жергілікті әкімдіктердің бақылауындағы ормандар екен.

Елдос Зияда, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Сол СҚО қарайтын болсақ, ол жерде минералданған жолақтартың жасалуы тек қана 21% орындалған. 100%-тің 21%-і ғана орындалған. Ол да үлкен өрт қауіпсіздігі шаралары болып табылады. 100%-тік орындалу ол тек қана 2-3 облыстарда ғана деп айта аламыз.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қазір елді мекендердің өрт қауіптілігі жоғары кезеңге әзір еместігі туралы 2 мыңнан астам ескерту берілген. Аптап ыстықтар әлі алда. Сондықтан жаз басталғанға дейін бұл олқылықтарды жоюға уақыт бар, - деп сендірді жергілікті атқамінерлер.

Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.