Зайсан ауданында 8 ауылға газ беріледі

Зайсан ауданында тендерге таласқан екі компанияның кесірінен көгілдір отынсыз қалған 8 ауылға келесі жылы газ беріледі.

 Мердігер мекемелер арасындағы сот аяқталып, биыл жұмыс басталатын болды. Тұрғындар тағы бір кедергі шығып, іргедегі игіліктен қол үзіп қалмасақ деп алаңдап отыр. Ал Зайсанға көршілес Күршім ауданының тұрғындары табиғи газдан күдер үзе бастапты. 

Бұл Зайсан ауданындағы Жарсу ауылы. «Іргесіне дейін орталық газ құбыры келіп тұр. Бірақ қол созым жерде тұрған көгілдір отынның рахатын көре алмай-ақ келеміз», -дейді Нағимаш Көшкінбаева. «Міне тартылады» деп үміттене бастағанда құрылысты жүргізетін компаниялар өзара соттасты деп естіген. Содан бері әлі де тезек жағып,күл шығарып жүр.

Нағимаш Көшкінбаева, Жарсу ауылының тұрғыны:

- Кеңсай ауылында бар, тартылған  Енді Қарабұлақтан бері қарай бізге тарту керек еді, соған неше жыл зарлап келеміз қиын, қимен күн көріп, газ әлі жоқ,тартылған жоқ, тартылады дейді бірақ жоқ.

Көгілдір отын келсе мұндағы жұрттың иғығынан бір жүк түскендей болар еді. Өйткені көмірдің бағасы удай. Қысы қатты болғандықтан шақ келмей, қалтаны қағады.

Төлеубек Қонжанов, ауыл тұрғыны:

- Көмір іргемізде тұр,соның өзінде қазір 25-30 мың  кетті. мысалы үшін мен жылына 10 тонна көмір аламын,он тонна  қайда кетті сонда 250-300 мыңға кетіп қалады, сон пенсиямызды сол көмірге береміз бе жоқ әлде тамағымызбар киіміміз бар бала шағамыз бар деген сияқты.

Халықтың газдан қағылуының себебі мынау. 2019 жылы осы 8 елді мекенге жалпы 96 шақырымдық көгілдір отын желісін тарту жобасы әзірленеді. Былтыр ақпанда жеңімпаз мердігер компания анықталды. Алайда конкурсқа қатысқан екінші компания, байқау шешіміне қарсылық танытып, сотқа жүгінеді. Шаруа орта жолдан тоқтап қалады. Әйтеуір бір жарым жылға жуықтап барып бұл дау аяқталыпты.Енді жұмыс қайта жалғасады дейді, сала мамандары.

Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Нәтижесінде қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр мердігер компаниямен жобаның құнын қайта есептеу бойынша, сол ары қарай есептелгеннен кейін құрылыс жұмыстары ары қарай жалғасады.

Сартерек,Саржыра,Бақасу,Жарсу, Біржан Қуаныш,Көкжыра,Дайыр ауылдары келесі жылы иек астындағы игілікке қол жеткізуі мүмкін. Зайсанның орталығын газбен толық жабдықтай алмай жатқанын естіген, көршілес  Тарбағатай Күршім ауданы мұндай мүмкіндіктен күдер үзгендей.  Іргелес ауданнан  газ құбыры тартыла ма деп күткендері рас. 

Қанат Қизатаев Күршім аудандық маслихатының депутаты:

- Бірақ енді газдың құбыры ары қарай жалғасын таппады. Себеп-салдары сол бізге жеткен мәлімет бойывнша Зайсан ауданында жерінде газ мөлшері қоры белгілі санаулы жылдарға белгілі мөлшері ғана қалуы деген сөздер болды.

Тұрғындардың айтуынша, мұндағы елді мекендерді газбен қамтудың әлеуметтік те, әлеуеттік те маңызы зор. Егер көгілдір отын желісі аймаққа толық тартылса, қалаға бет түзеген көш тоқтап, шекара түбіндегі ауыл-аймақ босамас еді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов