Ақтаулық оқушылар зағиптарға арналған көзілдірік құрастырып шығарды
ІТ-жоба авторлары Мырзаәлі Асанов пен Нұрлыбек Оңдаған Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды.
Ерекше құрылғы көру қабілетінен айырылған адамның бөлмеде, тіпті көшеде өз бетімен жүруіне мүмкіндік береді. Көзілдірікке бірнеше датчик орнатылған. Олар кеңістікті сканерлеп, алда кедергі барын дыбыстық сигнал арқылы білдіреді. Дарынды жеткіншектер ойлап тапқан ІТ-жоба Астанада өткен ғылыми жобалар байқауында топ жарған.
«Ақылды көзілдірікке» бекітілген датчиктер кеңістікті ультрадыбыспен сканерлейді. Алда тұрған кедергіге адам жақындаған сайын белгі беруі жиілеп, даусы күшейе түседі. Зағип жан көшеде адасқан жағдайда көзілдіктің көмегімен жақынына қоңырау шала алады.
Мырзаәлі Асанов, жоба авторы:
- Көріп тұрғаңыздай, бұл Bluetooth-мобиль болып табылады. Ұялы телефонға арнайы қосымша ойлап тапқан болатынбыз. Осы модуль арқылы сол қосымшамен байланыс орнатылады да ақпарат алмасу жүзеге асады.
11 сынып оқушылары ерекше жобаны 9 айда жүзеге асырған. Алдымен зағип жандармен тілдесіп, сауалнама жүргізген екен. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тілегі көзілдірікті құрастыру кезінде ескерілген.
Нұрлыбек Оңдаған, жоба авторы:
- Бізге өз мәселелерін айтты. Соған сүйене отырып, жаңа идеяларды таптық. Осы жобамен республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атандық. Біздің жоба әлі де соңын тапқан жоқ. Әлі де халықаралық деңгейге көтергіміз келеді. Дамытқымыз келеді.
Ибалы Тоқтамысова, физика пәнінің мұғалімі:
- Ғылыми жобалардың, яңни өнмінің ең негізгісі - бұл бізде тестілеуден өткізу болды. Сондықтан Ақтау қаласындағы зағип жандар орталығын тапқан болатынмын. Сол кісілермен сөйлесіп, балалармен сол жаққа барып 3 рет тестілеуден өткізген болатынбыз.
17 жастағы өнертапқыштар арнайы көзілдіріктің зағип жандарға қолжетімді бағада сатылғанын қалайды. Алдымен инновациялық жобасын патенттеп алмақ ниетте. Бұдан соң электронды платформа арқылы онлайн тапсырыс қабылдаймыз дейді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев