Павлодарда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасына шағым көп

Павлодарда мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген көпқабатты үйдің тұрғындары, баспаналарының сапасына наразы.

Небары бір жыл бұрын қолданысқа берілген нысанның қабырғалары шытынап, кәріз жүйесінде, ақаулар анықталды.

Мүмкіндігі шектеулі Хауа Сейітова пәтер кезегінде 12 жыл тұрған. Баспаналы болған кезде төбесі көкке жете қуаныпты. Алайда, қазір көңілі пәс. Көпқабатты үйдің жертөлесі кәріз суларына тола берген. Зардабы бірінші кезекте төменгі қабаттағы пәтер иелеріне тиюде.

Хауа Сейітова, қала тұрғыны:

- Өзімнің пәтерімдегі проблема, ол – потоп. Бүкіл үй толып кетті ғой канализацияға. Толып кеткенде бүкіл үй сасып кетті, бүкілі көтеріліп кетті. Көршілерім келді, тазалап берді. Екінші рет тағы болды.

108 пәтерлі баспана «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша салынды. Коммуналдық жүйедегі ақаулар шаш етектен. Жаңбыр жауса болғаны, жертөле суға толады. Оған кәріз сулары да қосылады.

Ал суды сыртқа шығаратын арнайы құрылғы істен шыққан. Қызмет көрсетуші ұйым өкілдері суды шелектеп шығаруға мәжбүр. Мамандардың айтуынша, мәселе шешілмесе, үйдің іргетасы шытынап кетуі мүмкін.

Шолпан Такиянова, қызмет көрсетуші ұйым басшысы:

- Жертөлеге сырттан келген су жиналады. Кәріз жүйесі де істен шығып, қолаңса иіс жоғары қабаттарға да таралған кездер болды. Шағым түсірген соң, кәріз реттелді. Іргетас үгітіліп жатыр, саңылаулар пайда болды. Оған қоса, жылу тарату құрылғысы дұрыс орнатылмаған. Салдарынан, қатты шу үшінші қабатқа дейін естіледі.

Шудың нормативке сәйкестігі бойынша санитарлық сараптама жүргізген. Нәтижесінде нормативтік талаптардың бұзылғаны дәлелденді. Мамандар мердігер ұйымға ескерту жолдаған.

Мадина Цыдоева, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы:

- Біз ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірге сынақ жүргіздік. Нәтижесінде үшінші қабатқа дейінгі пәтерлерде шу деңгейі нормадан артқаны анықталды. Яғни, шу деңгейі адам денсаулығына зиянды екеніне көз жеткіздік. Олқылықтар әлі күнге дейін жойылмады.

Шенеуніктер жаңа баспанада күрделі мәселелер жоқ деп сендірді. Әр шағым бойынша тиісті шаралар қолға алынған.

Битөре Әбдіқалықов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Шағымдар жиі түседі. Біз біз тұрғындардың өтініштерін орындаймыз. Мердігер ұйым келісімшарт негізінде әр шағым бойынша жұмыс істейді. Егер бас тартса, біз сотқа жүгінеміз. Үй мәселесінен хабардармыз. Күрделі ақаулар жоқ.

Алайда, тұрғындар бұл пікірмен келіспейді. Алдағы уақытта техникалық сараптама жасауға тапсырыс беріп, сотқа шағым түсірмек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков