Ақтауда жағажайдағы тұрғын үйлерге газ беріледі
Ақтаудағы «Жылы жағажай» курорттық аймағында салынған тұрғын үйлер көгілдір отын желісіне қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазіргі кезде 4 абонентке газ жетіп, баспана иелері көптен күткен қуанышқа кенелді. Мамандардың айтуынша, қазір тағы 30-ға тарта үй газға қосылуға дайын. Бұл үйлерді газдандыруға таяуда қолданысқа берілген жоғары қысымды газ желісі мүмкіндік беріп отыр. Магистральді құбыр облыс орталығын да газбен қосымша қамтамасыз етеді.
Ақтаудан 45 шақырым қашықтағы теңіз жағалауында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Мағфуза Курашева – былтыр қоныс тойын тойлағандардың бірі. Айтуынша, біраз уақыт электрпешке ас пісіруге тура келген. Енді көгілдір отын қызығын көріп отыр. Екі қабатты үй газбен жылытылады.
Мағфуза Курашева, қала тұрғыны:
- Қараша айында кіргенбіз, қыстай ішінде болдық. Көпке дейін токпен отырдық. Пешті пайдаландық, газ келгенше. Қазір жақсы, газдың қысымы да, келуі де. Келіп түсіндіріп жатыр, көп-көп рақмет.
Мамандар газ желісіне қосылған үйлерді аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жүр. Тұрғындарға жадынама таратып, сақтық шараларын ескертеді. Бақылау шарасы көгілдір отын желісіне қосылған соң жағажайдағы демалыс базалары мен шаруа қожалықтарында жалғасады.
Еркін Жұмағалиев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының директоры:
- Қосымша курорттық аймақтар және шаруа қожалықтары қосылады. Қазіргі таңда 10 шақты шаруа қожалықтарына газ берілді. Газ құбыры болашақта Маңғыстау облысының туризмін дамытуға көмегін береді. Соған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өз үлесін қосып жатыр.
Биыл сәуір айында Құрық ауылының «Сарша» жерінен Ақтау қаласындағы жылы жағажайға дейін 60 шақырымдық, жоғары қысымды газ құбыры іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан жоба өңір туризмін, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.