Петропавл әкімі сөгіс алды
Мамыр айының басында Петропавлда болған алапат өртке байланысты қала әкімі Руслан Аңбаевқа сөгіс жарияланды.
Ол өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу жұмысын тиісті деңгейде атқармаған. Бүгін облыстық әкімдікте кезекті жиын өтіп, осы мәселе кеңінен талқыланды. Мысалы соңғы үш жылда аймақта екі мыңнан астам өрт оқиғасы тіркелген екен. Келтірілген шығын көлемі де шаш етектен. Ал мамырдың жетісі күні "Береке" ықшам ауданында қамыс күйіп, қызыл жалын жеке секторға жайылды. Салдарынан тоғыз баспана толығымен жанып, тағы екеуі тұруға жарамсыз болып қалды. Осыған байланысты шаһарда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгінде облыс орталығында қамыс шабуға 67 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл жұмыс екі жарым миллион шаршы метр аумақта жүргізіледі.
Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Қаңтар-ақпан айларында барлық аудан әкімдеріне қамыс шабу бойынша тапсырма берілген. Облыс әкімдігінің аппарат басшысы да қызметтік хат жолдады. Алайда шаһар басшысы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабаев ауданындағы шаруашылықтардың бірінде үш рет өрт шығып, астық қоймалары жанып кетті. Ал аудан әкімі болса, жұмыс уақытында рұқсатсыз қалаға кетіп қалған. Осыған байланысты оларға сөгіс жариялаймын.