Алматыда тауға үй салу тоқтамай тұр

Алматы қаласының прокурорлары таулы аймақта салынып жатқан құрылысқа қатысты 150-ден астам заң бұзушылықты анықтады.

Сондай-ақ су қорғау аумақтарында 118 заңсыз құрылыс тіркелген. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Атап айтқанда, бассейн инспекциясының келісімінсіз 40 нысанның құрылысы қолға алынған. Су қорғау белдеулері рұқсатсыз иемденген. Жалпы Алматыда су қорғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. Мұндай аймақтар тұрғындарды табиғи апаттардан қорғау мақсатында пайдаланылуы қажет, дейді мамандар. Прокуратура жүргізген тексеріске қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Нұрсұлтан Жеделбай, қалалық прокуратураның ресми өкілі:

- Наурызбай ауданының Жайлау  шағын ауданында аумағы 13 гектар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жалған әкімдік актілерінің күші жойылды. Онда таулардың бөктерінде аз қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы жоспарланған болатын. Автокөлік жуу орындарының заңсыз жұмыс істеуінің 29 фактісі, сондай-ақ мақсатында пайдаланылмайтын 15 учаске анықталды. Бұл нысандар су қорғау белдеуінде орналасқан.