БҚО-да егін егу жұмыстары қарқын алды
Батыс Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды.
Биыл өңірде 360 мың гектар алқапқа түрлі дақыл мен көкөніс егу жоспарланған. Дихандар егін егуді айдың аяғына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Бәйтеректік байырғы диқан Серік Мұсағалиев 700 гектар алқапқа арпа-бидай, 175 гектарға картоп егуді көздеген еді. Қазір дәнді дақылдарды бітіріп, картоп отырғызуға кірісіпті. «Биыл жаз ерте шықты. Осыған байланысты жердің ылғалы қалай болады деп қорыққанымыз рас. Алайда жауын-шашын жиі тиіп тұр», – дейді ол.
Серік Мұсағалиев, серіктестік директоры:
- Қайта-қайта жаңбыр. Соңғы екі күнде тағы тұрып қалдық. Ерте көктемнің бір несі - жердің тез кебуі. Биыл қар да дұрыс болған жоқ. Жердің дымқылын ұстап қалу керек болды. бірінші влагопокрытие дейді – ылғал жабу, сонымен айналыстық.
Жалпы өңірде көлемі 360 мың гектарға тұқым себу жоспарда. Соның 170 мыңы ғана дәнді, 76 мың гектары майлы дақыл болады. Шаруалар биыл мал азығына ерекше мән беріп отыр. Асыл тұқымды мал өсіретін Нұрлан Қарин бұрын кездеспеген сорго, яғни қонақжүгері егуге ден қойыпты.
Нұрлан Карин, серіктестік басшысы:
- Екі жыл болды . Сорго қуаңшылыққа төзімді. Күн жаңбыр болмаса да, арпаға қарағанда өнім көбірек береді ғой. Ал азықтық бірлігі арпадан кем емес.
Дала жұмыстарына облыста 10 мың тоннаға жуық дизель отыны жеңілдетілген бағамен жеткізілді. Литрі 211 теңге. Және мемлекеттен шаруаларға 2 миллиард 600 млн теңге несие 5 пайызбен берілген.
Біржан Қажыгереев «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының бөлім басшысы:
- Бұл бөлінген қаражат несие серіктестіктері арқылы игерілді. Жалпы өзіңіз білесіз, жақсы егін, жақсы өнім алу үшін шаруа қожалықтары уақтылы айналым қаражаттарымен қамтамасыз етілуі керек. Осы ақша 65 ауылшаруашылық субъектілеріне 100 қарыз беру арқылы жүзеге асырылды.
Сондай-ақ қажетті тыңайтқыштар мен тұқымның шығынын субсидиялауға өңірде 846 миллион теңге қарастырылған. Демеуқаржы диқандарға медеу болғанымен, оларды алаңдататын жайттар да жоқ емес. Соның бірі былтырдан бері бидай бағасының төмендігі. Салынған санкцияларға байланысты көрші елден арзан өнім ағылып келуде. Бұлай бола берсе болашақта өңірдегі астықты алқаптардың аумағы азайып кетуі де ықтимал.
Наурызбай Қарағойшин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Осындай жағдай болмас үшін біздің шаруалардың еккен өнімінің бағасы тұрақты, соларға тиімді болуы - бірінші міндет. Егер жоғары бағаға сатыла алмаған жағдайда да мемлекет қолдаулары арқылы қазіргі өтінім бағасындағы көрші елдермен салыстырмалы түрде бағалары теңестіру үшін мемлекеттің қолдаулары болу керек.
Дәл қазір дала төсінде қарбалас шақ. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы түсінетін өңір диқандары жоспарланған егіс алқаптарының 74% тұқым сеуіп үлгеріпті.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ.Махмұдов, Э.Аюпов