Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі шешілмей тұр

Былтыр Астанада тұрмыстағы зорлыққа қатысты 17 мыңнан астам шағым түскен.

Алайда әлімжеттік көрсеткендердің үштен бір бөлігі ғана сот үкімімен жауапқа тартылды. Қоғамдағы зорлық мәселесінің шешілмегенін осыдан білуге болады. Тұрмыстағы қоқан-лоқыға тоқтау салып, жәбір көргендерді қорғау мақсатында биыл әкімшілік және қылмыстық заңнамаға өзгертулер енгізілген. Осы ретте арнамыздың түсірілім тобы полицейлермен рейдке шығып, отбасылардағы әлімжеттік мәселесіне үңілген еді.

- Былтыр бетімді сындырып кеткен еді. Сол бойынша адвокат жалдадым, но іс әлі аяғына дейін жете алмай жатыр. 

Бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтып беруге келіскен келіншектің бет-жүзі мен есімін жасыруды жөн көрдік. Өйткені 2018 жылы ажырасып кеткенімен, бұрынғы жұбайы әлі күнге дейін маза бермей келеді. Қазір амалсыздан екі бүлдіршінімен Астанадағы дағдарыс орталығын паналап отыр. 

Жәбірленуші:

- Соңғы рет осы Нәжмединова көшесінде осында түспей тұрып, азанғы 3-те мен сені өлтіріп кетемін, балаларды бермесең. Отказной жаз, болмаса өлтіріп кетем деп сөйтіп не істеді. Сағат түнгі үште светті өшіріп кетті. Ол камераға түсіп қалды. Сол бойынша учасковыйға қайта-қайта жаздым. Өзім де шақырдым. Но учасковыйлар алып кеткен опорныйға, оларды теуіп ұрып, қайта қашып кетіпті. Ал қазір хабарлассам, ісі не болды енді деп, срогі өтіп кетпей ме? Қамалмай қала ма десем, Тараздамын деп айтты ғой деп учасковый сөйдейді. Нәжмиденовадағы.  

Жәбірленуші келіншек полицияға арыз берген. Бірақ іс насырға шапты – ашуға булыққан бұрынғы күйеуі енді оның анасын қорқытуға көшкен. 

- Енді қазір не шештіңіз? Білмеймін енді, одан құтылудың жолын таппай отырмын.

Полиция департаменті жүргізген рейд кезінде анықталғандай, 5-мамырда жазылған соңғы арыз негізінде жәбір көрсетушіге қорғау нұсқамасы берілген. Яғни,  отыз күннің ішінде бұрынғы әйеліне тиісуге еш құқығы жоқ.   

Ренат Зұлхаиров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Егер қорғау нұсқамасын бұзса, онда оған ескерту айтылады немесе әкімшілік қамауға алынады. Қазір тергеу жүргізіп, әлімжеттік көрсету дерегін анықтаймыз. Негізі бұл қылмыстық кодекс бойынша қаралатын іске айналып барады.   

Жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес, полицейлер келесі арыз қашан түседі деп күтпей, бірден әлімжеттік дерегін анықтауға көшеді. Айта кетерлігі, денсаулыққа ауыр және орташа деңгейдегі зардап келтіргені үшін жәбір көрсетушіге жаза қатаңдатылады: ол 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заңнамадағы бұл өзгерістер 19 мамырдан бастап күшіне енген. 

Гүлмира Шырахметова, қалалық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы:

- Қазір отбасы-тұрмыстық саладан қоңырау кеп түсетін болса, онда сол мекенжайға барып, мекенжайдағы үйдегі, заттары, жиһаздары шашылып жатса, жәбірленушінің бойында зорлық-зомбылықтың қандай да бір іздері болса сол арқылы және бейнежазба арқылы, көршінің, туыстарының хабарламалары арқылы материалды сотқа жіберуге мүмкіндік болады. 

Бұған дейін іс сотқа жетпей жатып, жәбірленушілер арызын татуластық деп алып кететін. Шын мәнінде, олардың мұндай қадамға қорыққанынан баратыны белгілі. Енді сот алдында бір рет қана татуласу мүмкіндігі бар. Ал 1-шілдеде күшіне енетін әкімшілік кодекстегі өзгертуге сәйкес, отбасыдағы зәбір көрсетуші үстінен арыз түсірмей-ақ оны жауапқа тартуға болады. 

Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейітов