Депутаттар газ нарығындағы делдалды азайтуға күш салуда
Яғни, көгілдір отын зауыттан тұтынушыға тікелей жетсе, арзанға түспек.
Мәжілістің жалпы отырысында газ айналымын реттейтін заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Атап айтсақ, бөлшек саудадағы бағаны реттеу Бәсекелестікті қорғау агенттігінен Энергетика министрлігіне берілді. Газбен жабдықтаушы компанияның өндірістік кешенді өзге тұлғаға беруіне тыйым салынады. Сонымен қатар, газ тасымалының ашық жүйесі құрылады. Жүк құжаттары, фискалдық операциялар мен жеткізуші компанияның резервуарлар сыйымдылығы жайлы ақпарат түзіледі. Тағы бір атап өтері, заңда арзан газдың шекара асып кетуін болдырмайтын тетіктер де қарастырылған.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы газ саласын сапалы қайта жүктеуді тапсырды. Сұйытылған газ – шектеулі ресурс. Бір жағынан газ тапшылығы өндіріс көлемінің төмендігімен байланысты. Бағаны үнемі шектеу зауыттардың жұмысын тиімсіз етеді. Екінші жағынан, газ нарығы өте жабық, делдалдар және көлеңкелі экспорт бар.