БҚО-да 680 жазғы лагерь жұмыс істейді

Биыл Батыс Қазақстан облысында балаларға арналған 680 жазғы лагерь жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы арқылы 10 сыныпқа дейінгі оқушылардың 93%-ін қамту көзделіп отыр. Қазір дайындық жұмыстары пысықталып, санитарлық бақылау жүргізіліп жатыр. «Қазақстан халқына» қоры есебінен ауылдық жерлердегі 900-ге жуық бала туристік-сауықтыру кешеніне демалысқа жіберіледі.

Аймақта маусымдық және жылдық лагерь ұйымдастыруға орын жеткіліксіз. Ғимарат қажет. Бұған қатысты республикалық жол картасына өтінім берілді.

Айгүл Мыңбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен қамтуға 123 млн теңге бөлініп отыр. Өткен жылы 75 млн болатын. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, девиантты мінез-құлықты оқушылардың 95-98%-і қамтылады. Ол ата-аналардың келісімен жүзеге асырылатын болады.