Абай облысындағы алапат өрттің беті қайтты

 

Қазір өрт сөндірушілер бықсыған жерлерге су себу, құм төгу жұмысын жүргізуде.

Ал осыдан екі күн бұрын эвакуацияланған Березовка санаторийі ауылы тұрғындары үйлеріне орала бастады.

Азамат Қасым, тілші:

- Кеше ғана жайқалып тұрған қарағайлы орманның қазіргі кейпі осындай. Өрт сөндірушілер мен әскерилер қазір  су шашу, топырақ себу жұмысын жүргізуде. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін. Өйткені өрт кез келген мезетте тұтанып кетуі мүмкін.

Жанат Бақытхан, өрт сөндіруші: 

- Өрттің қайта өршіп кетпеуін қадағалап жатырмыз. Әлі де жұмыс көп. Бүгін кешке дейін осында боламыз. Тағы да өрт шықса күзетеміз. 

Дегенмен, құтқарушылар да, жедел штаб өкілдері де арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін айтады. 

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары: 

- Бұл жұмыстың қашанға дейін созылатыны әлі белгісіз. Жел әлі басылған жоқ. Кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қазір екі тікұшақ әуеден бақылау жүргізуде. 

Өрттің өршуі басылған соң жергілікті халықтың да көңілі орнына түскендей.  Осыдан екі бұрын көшірілген Березовка санаторийі ауылының тұрғындары бүгін үйіне орала бастады.

Борис Сковрцов, ауыл тұрғыны: 

- Бір сағат бұрын үйге келдім. Әзірге тыныш секілді. Бірақ жел басылмай тұр. Әрі қарай қалай боларын білмейміз. 

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазір елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. 

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Дегенмен, сақтық шаралары мақсатында 277 адам өздігінен туыстарына эвакуацияланды. Бородулиха ауылында 331 орынға шұғыл эвакуация жағдайына 3 пункт дайындалды.

Қазір оқиға орнында 852 адам, 201  техника, 1 өрт сөндіру пойызы мен 8 тікұшақ жұмыс істеп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша 3 жарым мың гектар алқап отқа оранған. Айта кетейік, бүгін Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы