Атырауда тұрмыстық қалдықты шығару тарифі екі есе өсуі мүмкін
Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифі екі есе өсуі мүмкін.
Қала тазалығына жауапты серіктестік өздерінің материалдық жағдайының қиындығын алға тартып, бағаны 600 теңгеге көтеруге өтініш берген. Мекеменің жұмысын талқылаған жиында қалалық қоғамдық кеңес жеке сектор тұрғындары үшін тарфиті 409 теңге, ал көп қабатты үйлер үшін 379 теңгеге тоқтам жасапты. Алайда бұнымен қоғам белсенділері келіспей отыр. Соңғы шешім қалалық мәслихаттың сессиясында қабылданады. Әзірге Атырауда қоқыс төңірегіндегі текетірес жалғасып жатыр. Тараптардың пікірін тілшіміз де тыңдап келді.
Қазір Атырауда бір адамнан тұрмыстық қалдықты шығарғаны үшін төлейтін ақысы 200 теңге. Егер облыс орталығында орта есеппен 300 мың адам тұрады деп есептесек, айына 60 млн теңге шығады. Орнын тауып жұмсағанға аз қаражат емес. Оның сыртында мекеме шағын және орта бизнес нысандарына ақылы қызмет көрсетеді. Сондықтан қоқыс қалдықтарының бағасын бірден 2-3 есе өсіру негізсіз, дейді қоғам белсенділері.
Дәурен Сейітқалиев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Негізінен спецавтобазаға» келетін бослсқ, оған мемлекет тарапынан қомақты субсидия беріледі. Санитарлық тазалыққа. Онан бөлек мусордан жиналатын халықтың қаражаты бар. Соны қосқанда үлкен қаражат шығады. Ол жетпейді дегенге біз қоғам болып, халық болып түсініңкіремейміз. Соны ашып айтса, неге жетпейді қай жаққа кетіп жатыр?
Мына серіктестіктің ауласынан қаланы тазартуға күніне 20 шақты автокөлік шығады. Олар облыс орталығынан бөлек қала іргесіндегі елді мекендерге де қызмет көрсетеді. Жыл санап тұрғын саны артып келе жатқан Атырау үшін бұл жеткіліксіз. Оның үстіне тозығы жеткен техникалар жиі сынады. Сондай-ақ аз жалақыға жақсы жұмысшы табу да қиын,- дейді тазалықшылар.
Мақсот Ишаев, серіктестіктің бас инженері:
- Күніне бір көлік 10 тоннадай қоқыс шығарып келеді. Соны да біз үлгере алмай жатамыз. Ал тариф соңғы рет 2020 жылы көтерілген. Онан бері дизель отыны 3-4 есе қымбаттап кетті. Біз тәжірибелі жақсы жүргізуші алғымыз келеді. Ол үшін жақсы айлық керек. Солардың ақшасын көтеру мәселесін де қараймыз.
Қала тазалығын жолға қою үшін мекемеге қосымша 30 қоқыс тасымалдайтын көлік керек. Бір автокөліктің орташа бағасы 50 млн теңгеден асады, дейді мамандар. Бірақ серіктестіктің бар шығынын қарапайым халықтың мойнына арту қаншалықты заңды? Ол жақында өтетін қалалық мәслихаттың сессиясында белгілі болады.
Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев