Елімізде алғаш рет жүрек ырғағын қалпына түсіретін операция жасалды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында алғаш рет жүректің өткізгіш жүйесіне имплант қойылды.
Ынталандырушы электрод жүрек ырғағының физиологиялық деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Бірегей операция поляк профессорының қатысуымен жасалды.
Операция үстеліндегі науқастың жасы 64-те. Созылмалы жүрек жетіспеушілігі сырқатына шалдыққан оның жүрек ырғағы баяулаған. Бір минутта отыз рет қана соғады. Мұндай жағдай аса қауіпті, әрі өмір сапасын нашарлатады, дейді дәрігерлер. Интервенциялық заманауи технологияларға негізделген операция арқасында науқастың жүрек соғысы қалпына келді. Имплант емделушінің күнделікті өмірдегі қимыл-қозғалысына ешқандай кедергі келтірмейді.
Бағдат Әбдіқадырұлы, жүрек ырғағы бұзылысы бөлімшесінің меңгерушісі:
- Имплантациялау мақсаты бұл жүрек өткізгіштігінің бұзылысы кезінде есептелінген жүрекше және қарынша аралық перегородка деп айтамыз, сол жерде қойылатын электродтың дәл заманауи жағдайға байланысты қойылып жүрек соғысын физиологиялық деңгейде атқару қызметіне көмек беретін құрылғылардың бірі.
Операция барысында науқас ояу жатады. Дәрігерлердің нұсқауымен кейбір қиымлдарды орындайды. Бірегей операция аритмология саласы бойынша халықаралық деңгейде мойындалған маман Польша медициналық университетінің профессоры Яцек Гаектің қатысуымен өтті. Ел аймақтарынан келген мамандар білікті дәрігердің дәрісін тыңдап, тәжірибесін көбен көрді.
Яцек Гаек, Польша медициналық университетінің профессоры:
- Мен мұндай операцияларды 2014 жылдан бері жасап келемін. Осы саладағы тәжірибеммен бөлісуді құп көрдім. Мені осы операцияға шақырғандарына өте ризамын. Бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Осы шеберлік сабағының арқасында дәрігерлер бұл әдісті үйреніп, тәжірибеде қолданады деп үміттенемін.
Ынталандырушы электрод импланты 10-12 жыл қызмет етеді. Уақыт келгенде қайта ауыстыруға болады, дейді дәрігерлер. Айта кетейік, жүректің өткізгіш жүйесіне ынталандырушы электродтарды имплантациялау операциясы міндетті медициналық сақтандыру бойынша науқастарға тегін жасалады.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов