«Сақалды құрылыстар»: БҚО-да 50 нысан мерзімінде тапсырылмаған
Еліміздің құрылыс қағидаттарына өзгеріс қажет. Батыс Қазақстан облысындағы «сақалды құрылыстардың» жай-күйін зерделеген «AMANAT» партиясының өкілдері осындай ұйғарымға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар өз ұсыныстарын Парламент депутаттарына жолдамақ.
Айта кету керек, өткен жылы өңірде 201 нысанды салуға және жөндеуге 80 млрд теңге бөлінсе, соның ішінде жалпы құны 15 млрд болатын 50 нысан уақытылы тапсырылмаған.
Бәйтерек ауданы Чувашино ауылындағы білім ордасы былтыр шілдеде жөндеуге жабылды. Содан бері оқушылар өзге мекемелерді сығалап жүр.
Әлихан Қажығали, оқушы:
- Әкімдікте оқимыз, ол жерде дәлізде отырамыз. Балалар кіріп-шығып, сөйтіп жүреді. Сосын дұрыс сабақ өтпейді.
Әу баста құрылыс 3 жарым айда бітеді деген. Жылға жуықтады, мектеп әлі астан-кестен. Сылтау да көп, себеп те жеткілікті. Қаржы уақытылы бөлінбей, жоба шикі боп шыққан.
Әлжан Әжмұқан, учаске бастығы:
- Мердігер компания кінәлі емес, жоба жасаған компания. Төбесін ашқан кезде ескі мектеп болғасын, жарлары отырып кетті, жарылып кетті. Күшейттік. Оның бәрі уақыт. Соған байланысты құрылыс созылып кетті. Ауа райы қыс болып қалды, тексерулер басталды.
Құрылыс басында жүрген мектеп директоры ғана. Айтуынша, оқитын орын болмаған соң, қазірдің өзінде 7 оқушы қалаға ауысып кеткен. Енді 10 шақты бала кетсе, орта мектеп 9 жылдыққа айналады.
Григорий Козлов, мектеп директоры:
- Техникалық бақылау таңнан кешке дейін осында отыру керек. Көріп тұрсыздар, олар жоқ. Жұмыс басталғалы 7-8 рет қана келді. Авторлық бақылау жоқ. Олар түгілі мердігердің өкілдері жоқ. Учаске бастығы болу керек қой. Барлық жобадағы сәйкессіздіктерді осы жерден шешіп, үйлестіріп отырса, жұмыс жүрер еді. Масқара ғой мынау!
Аудандық білім бөлімі мердігерді сотқа берген. Бірақ онымен мәселе шешілетін түрі жоқ. Бүгінде жаңа нысандарды салумен құрылыс басқармасы, ал күрделі жөндеумен әр сала өзі айналысады. Алдымен осы жауапкершілікті арқалайтын дербес мекеме керек, - дейді мамандар.
Самиғолла Сүлейменов, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:
- Білім бөлімінің басшылары олар функциясы оқу процесімен айналысуы керек. Қазіргі жағдайда олар күрделі жөндеуге тапсырма береді, қабылдап алады, сараптамадан өткізеді. Құрылыс заңдарының 64-бабында көрсетіп берген бүкіл жауапкершілік ПСД-ға тапсырыс беруші деген. Құрылыс нормаларын аудандық білім бөлімінің басшылары білмейді.
Құрылыс қағидасына сәйкес жобаның қателігі сараптамада түзетіледі. Алайда бұрынғыдай мемлекеттік сараптама қазір жоқ. Жеке ұйымдар құжатқа шұқшиып, бас ауыртпайды.
Самиғолла Сүлейменов, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:
- Осы жерде де көп шикілік бар. Көп жоба, смета құрылыс нормаларына сай емес. Өтіп кетеді, процесс кезінде айтқан мәселелер көтеріледі. Мұның бәрі бюджет қаражатының тиімсіз игерілу, мақсатсыз пайдалану, тағы да тағы осындай кемшіліктерге әкеп соқтырып отыр. Мемлекеттік сараптамадан өтетін болса, бұл талап күшейеді.
«AMANAT» партиясының өкілдері осы мәселені көптен зерделеп жүрген. Құрылыстағы қырсыздыққа кеше тағы куә болды. Енді тиісті ұсыныстар депутаттарға жолданады.
Бауыржан Атауов, «AMANAT» партиясы БҚОФ Мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі кеңес төрағасы:
- Бүгінгі мәселе, 1 қыркүйекке үлгертеміз деп әрекет жасап жатыр. Үлгертерміз. Бұл мәселе келер жылы тағы туындайды. Сондықтан заңға осындай проблема болмайтындай қылып өзгерістер енгізу керек.
106 бала оқитын Чувашин мектебін жөндеу қыркүйекке дейін бітеді. Мердігер солай деп сендірді. Бірақ тағы бір мәселе, құрылысқа 350 млн теңге қаралса да, оқу ордасының жиһаздарын, парта-тақталарын жаңалауға ақша бөлінбепті. Енді ұстаздар демеуші іздеуге мәжбүр.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.