Нәубет жылдары 3 200 қазақтың Үндістанға табан тірегені белгілі болды

Былтыр «Архив – 2025» бағдарламасы аясында 10 елге барып-қайтқан отандық ғалымдар осылай дейді.

Экспедиция барысында жиналған құжаттар Елордада өткен көрмеде таныстырылды. Тарихшылар отызыншы жылдары Қытайға 18-45 мыңның арасында адам көшкенін айтады. Алайда қаншасы ары асқаны белгісіз еді. Ғалымдарда Тибет, Гималайды басып өткен қаралы көштің толық тізімі бар. Олардың 2 мыңға жуық қойы, 500 шамасында сиыры мен жылқысы болған. Кейін Пәкістан, Ауғанстан арқылы Түркияға жеткен. Аштықтан, аурудан, ыстық-суық пен қарақшылықтан басым бөлігі көз жұмып, небары 1000-нан астам жанға Анадолыдан дәм бұйырды. Қазір құжаттарды зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымдар бұл ауқымды істің тек басы ғана екенін айтады.

Жандос Болдықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры: 
- Ал енді біздің ойымыз, барып келген іссапарды жалғастырып, тағы да әрі қарай зерттеу керек. Себебі Үндістанда көп дүние бар. Біз Нью-Делиде ғана болдық. Былай қарасаңыз, олар Бхопал, Хайдарабад деген қалаларында өмір сүрген. Сол жерге дейін жетуіміз керек. Міндетті түрде Англияға бару керек. Англияның архивінде, бұл жерде де болуы керек.