Қызылордада құрылыс қарқын алды
Қызылордада «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айтулы жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, - дейді мамандар. Мұнан бөлек, қалада 200-ден астам көше жөнделіп, көпқабатты үйлердің қасбеті жаңартылуда. Тұрғындар үшін саялы орындар мен субұрқақтар да саны артады.
Әуежайдың 2 қабатты жаңа терминалының аумағы 7,5 мың шаршы метрге тең. Іргетасы құйылып, темір конструкциялары қойылған. Құрылыс кестеге сай жүріп жатыр. Халықаралық талаптар бойынша салынып жатқан нысан келер жылдың мамыр айында іске қосылады.
Онур Теджимер, мердігер компанияның өкілі:
- 80% материалға тапсырыс бердік. Бізде Финляндиядан лифттер, Германиядан телескопиялық трап әкелінеді. Еуропадан барлық керек-жарақтарға, жиһаздарға, әрлеу материалдарына тапсырыс берілді.
Ал Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан өнер орталығы мен неке сарайы бой көтере бастады. Сонымен қатар субұрқақтар мен балаларға арналған ойын алаңы бар аллеяның да құрылысы қарқынды. Қала жолдарының жағдайы да назардан тыс қалмаған. Биыл 244 көше жөнделеді.
Асылбек Шаменов, Қызылорда қаласының әкімі:
- Инфрақұрылымды дамыту, үй құрылысын жүргізу, әлеуметтік нысандар салу бойынша біздің Қызылорда қаламыздың өзіне жылдың басында 54 млрд теңге қаржы бөлініп, осы қазір жұмыстар басталып келе жатыр. Үй құрылыстарына, 29 көпқабатты тұрғын үйлерімізді салып жатырмыз. Қазіргі таңда 21 ауламыздың абаттандыру жұмыстарын жүрігізіп жатырмыз. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арқылы ірі жобалардың бірі «Анаға тағзым» деген ғимаратымыз. Ол – 1,5 млрд теңге.
Келбеті келіскен қаланың тазалығына да басымдық беріліп отыр. Ол үшін жыл соңына дейін коммуналдық кәсіпорынның автопаркін көше тазалайтын 30 жаңа техникамен жабдықтау жоспарланған. Қазір оның бір бөлігі жеткізіліп, қолданысқа берілді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин.