Абай облысындағы ауылдар ауыз суды тасып ішеді
Абай облысындағы 35 ауылда орталықтандырылған ауыз су жоқ.
Тұрғындар тіршілік нәрін әлі күнге құдықтан шелектеп тасуға мәжбүр. Өңірде бірнеше ауылға су құбыры тартылғанымен тұрғындар оның игілігін көре алмай отыр. Мысалы Аягөз ауданындағы Қопа ауылының тұрғындары ауыз суды бес жылдан бері тағатсыздана күтіп жүр. Ал жергілікті билік бұл мәселе аймақта 2025 жылға дейін толық шешімін табады дейді.
Бұл Үржар ауылына тартылып, басталған да тасталған су құбырының қазіргі кейпі. Аудан орталығының 8 мыңға тарта тұрғыны құрылыстың қашан аяқталатынын тағатсыздана күтіп жүр.
Гүлсімхан Көкеева, Үржар ауылының тұрғыны:
- Су жоқ. 2021 жылы қазған. 2023 жылы болады деген әлі жоқ. Шелекпен су тасып жүрміз. Кір жуғанда жаман қиналамыз.
Ақылбек Қожбанов, Үржар ауылының тұрғыны:
- Құдықтан алған судың сапасы белгілі ғой. Су келсе халыққа да, денсаулыққа да жақсы болар еді. Тезірек келгенін күтеміз енді.
Күткеннен басқа амал да жоқ. Жергілікті әкімдіктен білгеніміз, мұндағы жұмыс 2020 жылы басталған. Жоба бойынша ұзындғы 82 шақырымға тең 84 көшеге ауыз су келуі тиіс. Бірақ мердігерлердің жауапсыздығынан тек 12 шақырымға құбыр тартылып, 490 миллион теңге игерілген. Қазір жобалық-сметалық құжатқа өзгертулер енгізіліп жатыр.
Талғат Андасов, Үржар аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің маманы:
- Қазір облыстық мәслихаттың шешімін тосып отырмыз. Өзгертуге байланысты шешім шығарып береді. Биылғы жылға 50 миллион теңге ақша бөлінген. Өзгертулер аяқталысымен басталып кетеді. Құрылысты аяқтау 2024-2025 жылдарға межеленіп отыр. Жоба шартының құны 1 миллиард 700 болған. Өзгертуге байланысты тағы да 900 миллионға қымбаттауы мүмкін. Өйткені, құрылыс материалы жылдан жылға қымбаттап жатыр.
Ал Аягөз ауданының Қопа ауылындағы жағдай бұдан да сорақы. Елді мекенге 5 жыл бұрын тартылған құбырлар күнге тотығып, шіріп кеткен.
Су құбырларының жарамсыздығы ауыл тұрғындарын бей-жай қалдырмады. Ақтоғайдағы кен орнына өтініш айтып, 15 шақырым құбырды өз күшімен алдыртқан.
Қалихан Уәлиев, Қопа ауылының тұрғыны:
- Құбырды тегін дайындап қойды. Мұны мердігер компания әкелген жоқ. Мына жастарымыз әкеп қойды. Ал енді су құбырын әкелсе су тартылады деген. Су әлі жоқ. Оны былтыр айтқан.
Қопа ауылынан бөлек Аягөз қаласының өз басында да әлі күнге колонкадан су ішіп отырған тұрғындар бар. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, шағын шаһардағы 50-ге жуық көшеге орталықтандырылған су тарту қажет.
Сержан Маусымбаев, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Былтыр қазып тастаған, әлі келмей жатыр. Қыс бойы тасып шықтық. Көктемде қар ерігенде алыстан әкелдік. Қиналып кеттік, су берсе екен тезірек.
Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындарының 92 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазір аймақта 17 миллиард теңгеге 33 жоба іске асырылып жатыр.
Болат Әбдірәлиев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бұл жобалар Семей қаласында, Аягөз, Жарма, Үржар, Бесқарағай, Абай аудандарының елді мекендерінде жүргізіледі. Оның 20-сы биыл аяқталады. Қалғаны күрделілігіне байланысты келесі жылға ауысады.
Ал құрылысы бес жылға созылған Аягөздегі Ай мен Қопа ауылдарындағы су құбырын аяқтау үшін облыстық қазынадан 700 миллион теңге бөлінген. Бірақ мәселенің мұнымен де шешілмейтін түрі бар. Облыс халқын орталықтандырылған сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 52 жобаны жүзеге асыру қажет.
Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы