Шымкентте заңгерлер тегін кеңес берді
Шымкентте де тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тегін консультациялық қызмет көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бір күндік науқанға белгілі адвокаттар, прокурор мен сот орындаушылар және мемлекеттік орган басшылары қатысып, халықтың әлеуметтік мәселелерін тыңдады. Жалпыреспубликалық акцияны қолдаушылар бұқараға кеңес беріп қоймай, даулы іске нүкте қоюға да келісім жасасты.
Қалдар Түнтекова «Халық заңгері» акциясына жеке бастың қамы емес, «Ана үйін» паналаған жалғызбасты әйелдердің мәселесін жеткізуге келіпті. Алимент өндіре алмаған және несие қарызы көбейген жандарға көмектеспек. Уақыты зая кетпеді. Заңгерлер тиімді ұсыныс жасады.
Қалдар Түнтекова, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі
- Біздің «Ана үйіне» өздері арнайы барып, сол жақта тұрып жатқан басқа да қыздарға кеңестерін беріп, әрі қарай бізбен жұмыс істеуге ұсыныстарын жасады.
Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жұмыс істейді. Акцияда ажырасқан адамдардың мүліктік, мұрагерлік дауларын ортақ бітімге келтіруге болатыны айтылды. Жыл басынан бері 109 шағым сотқа жеткізілмей, медиация тәртібімен шешілген.
Әлия Амантаева, заңгер:
- Көбі тек қана азаматтық істер бойынша келісімге келуге болады деп ойлайды. Жоқ, қазіргі таңда орта дәрежедегі қылмыс, жеңіл қылмыс медиация тәртібімен жүріп жатыр.
Ұйымдастырушылар акцияның аймақ халқына тиімділігі көп дейді. Жалпыреспубликалық шараға 8 жылда 150 мыңнан астам тұрғын қатысып, құқықтық сауаттылығын арттырған.
Дәурен Ерғарин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Негізгі біздің мақсатымыз ол мегаполис тұрғындарының заң біліктілігін көтеру болып саналады. Былтырғы статистиканы қарайтын болсақ, Шымкент қаласында 150 адам бір күнде осы іс-шараға қатысқанын көріп отырмыз.
Жалпы 2016 жылдан бері акцияға 7 мыңнан астам сарапшы мен құзыретті орган өкілдері қатысқан. Дәстүрлі шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.