Атырауда суға түсу маусымы шегерілді
Атырау облысында суға түсу мерзімі 15 маусымда басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты осындай шешім қабылданған.
Бұған дейін 1 маусымда суға түсуге рұқсат берілетін. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл шомылуға арналған 27 орын әзірленеді. Қазір оның төртеуі дайын тұр. Ал суға түсуге тыйым салынған учаскелердің саны 70-ке жеткен. Құтқарушылар бақылаудың да күшейетінін айтады.
Бақыт Абланов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Қазір Жайықтың деңгейі 1,5-2 метрдей көтерілген. Сондықтан әзірге суға түсуге тыйым салынады. Жыл басынан бері Атырау облысында 3 адам суға кетті. Оның 2-еуін мамандар құтқарып үлгерді. 26 сәуірде де атыраулық қызды бір өлімнен аман алып қалды.