Зиянкестерді улайтын құралдар адамға зиян ба?

Павлодар облысында шыбын-шіркей көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оңтүстік аймақтарда кенеге қарсы дәрілеу шаралары қолға алынды. Қазір тұрғындар арасында «Зиянкестерді улау құралдары адамға зиян» деген алып-қашпа әңгіме тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаса ма?

 

Зиянкестерге қарсы күрес күшейді

Тұрғындар:

- Менің ойымша, улау құралдары өте зиянды. Әсіресе жағымсыз иісі ұнамайды. Бұның бәрі бас ауруына себеп. 

- Шыбын-шіркейлерді улау қажет. Оның нәтижесі бар. Қазір бұрынғыдай мазаламайды. Препараттар зиянды емес деп ойлаймын. Адамдар күмәнданса, бетперде киіп жүрсін.

- Шыбын-шіркейге қарсы жұмыстар қаладан тыс жерлерде жүріп жатыр. Жәндіктердің өзі адамға зиян.

Тұрғындардың пікірі осындай. Бірі – биологиялық, екіншісі – химиялық. Бұл қоспалар тек жәндіктерге зиян. Биыл зиянкестердің санын азайту үшін Ертіс өзенінің бойындағы мың шақырым аумақ өңделеді. Бұған 166 литр биопрепарат қолданылады.

Биология ғылымының докторы Қанат Ахметов қансорғыш жәндіктердің таралу мәселесімен 20 жыл бойы айналысады. Профессор ұдайы ғылыми зерттеулер жүргізіп, шыбын-шіркейлердің көбеюін бақылап отырады. 2001 жылы бір шаршы дециметрге шаққандағы дернәсілдер саны 6 мыңға жетсе, қазір бұл көрсеткіш 9 есе аз.

Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы:

- Химиялық заттарды алатын болсақ, олар – тек қана жәндіктердің, буынаяқтылардың солардың жүйке жүйесіне әсер ететін препарат. Жүйке жүйесіне әсер еткеннен кейін олар ұша алмай қалады, былайша айтқанда, ұшу, қимыл қабілеттерінен айырылады да, өліп кетеді. Бас жандарға, басқа жануарларға, адамға ешқандай қатты әсерін тигізбейді.

Мамандардың айтуынша, препараттарға тиісті сынақтар жүргізілген. Биологиялық құралдар Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеліп, сәйкестік сертификатын алған.

Әйгерім Қабылтаева, Жер қойнауын пайдалану басқармасының басшысы:

- Әлеуметтік желіде хлорпирифосты қолдану бойынша ақпарат тарады. Дәрілеу кезінде бұл химикатқа тыйым салынған. Себебі ғылыми топ өкілдерінің пікірі ескерілді. Тек қана қауіпсіздік сертификаты бар құралдар ғана пайдаланылады.

 

Кене шаққандар көбейді

Ал Қостанай облысының тұрғындары кенеден зардап шегіп жатыр. Осы күнге дейін дәрігерлердің көмегіне 200-ден астам адам жүгінді.

Бауыржан Көпжасаров, «Ұлттық сараптама орталығы» РММ облыстық филиалының басшысы:

- Ұлттық сараптама орталығында 3 түрлі зерттеу жүргізіледі. Ол – бактериологиялық және терологиялық зерттеулер. Бүгінгі таңда 12140 кене зерттеліп отыр. Оның ішінде 16 жеке адамдардан, зерттеуге әкелінген кенелер. Бүгінгі таңда кенелерден жұқпалы аурулар анықталған жоқ.

Бірақ улау шаралары жүргізілмейді. Тек бақылаумен шектеледі. Себебі облыс эпидемиологиялық аумаққа жатпайды. Ғалымдардың пікірінше, зиянкестерге қарсы пайдаланылатын кез келген препараттың қауіпсіздік сертификаты бар. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ, - дейді олар. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Наталья Строкова, Жеңіс Темірболат.