Кәсіби сержанттарды даярлаудың қазақстандық жүйесіне Өзбекстан қызығып отыр

Сол үшін көрші елдің мамандары Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге арнайы келді.

Қару-жарақтың түр-түрін меңгеріп, әскери техникаларды еш қиындықсыз жүргізіп, жаудың көзін жоя білетін бұл кадеттерідің жасы небәрі 18-де ғана. Ұрыс жүргізу тактикасына оларды Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжде үйретеді. Бұнда таза кәсіби сержанттар даярланады.

Нұрасыл Мұратбек, Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледж кадеті:

- Қазір біз полигонда тұрмыз. Сендерге қойылған міндет, тапсырма қандай болды?

- Бізге қойылған тапсырма қазіргі біз орындап жатқан жаттығуымызда 400 метрдегі 8-ші нысананы жою және 300 метрде ұрыс қалыпта келе жатқан екі нысананы жою. Және 200 немесе 300 метрде орнатылған №10 және №6 нысаналарды жою мақсаты қойылған.

Кадеттер әскери ғылымды тек полигонда ғана емес, сонымен қатар оқу сыныптарында да жіті меңгереді. Түрлі тренажерларда жаттығып, барлығын егжей-тегжейлі пысықтайды. Бұл кәсіби сержант даярлаудың бір тәсілі. Жалпы мұндағы оқу бағдарламасы білікті әскери маманды толыққанды дайындап шығу үшін бағытталған. Бұл жұмыс өзбекстандық сарапшыларды аса қызықтырған екен. Ала шапанды ағайындар колледжге келіп, оқу процесімен танысып шығыпты.

Темірбек Халықов, ҚР ҚК бас сержанты:

- Бүгінгі күнде біз Өзбекстанның қарулы күштеріне көмек беруге дайынбыз. Сержанттарын оқытып, біздің курстық дайындықтарымен біздің әскери колледжге шақырып, оқытып, тәжірибемен алмасуға дайынбыз. Барлық қойылған сұрақтарға жауап беріліп, біздің достастығымызды нығайтып, әскери қарым-қатынасымызды нығайтуға дайын екенімізді көрсетіп, сенім білдіреміз.

Баһадүр Ергашов, Өзбекстан делегациясының өкілі:

- Қазақстан мен Өзбекстан ежелден бері бір-біріне жақын, көрші елдер. Сондықтан біз әр салада, сонымен қатар әскери бағытта да тығыз әріптес болуымыз керек. Біздің осы сапарымыз аясында кәсіби сержанттар қалай оқытылатындығымен таныстық. Тәжірибе алмасуды жалғастыратын боламыз.

Жалпы ТМД төңірегінде сержанттарды даярлау ісінің жүйелілігі Қазақстанда жақсы дамыған екен. Сондықтан да көрші Өзбекстан алдағы уақытта өз жастарын оқытуға осы колледжге жіберулері де мүмкін.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев