Мемлекет басшысы СҚО-дағы егістік алқабын аралады

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы көктемгі егіс науқанымен танысу үшін егістік алқабын аралады.

Шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8  мың гектар егіс алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Три-зо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, диқандарды техникамен, жанар-жағармаймен және тыңайтқышпен қамтамасыз ету ісі, жоспарға сай орындалып жатыр. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тӘсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшылығына ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.