Елордада V республикалық имамдар форумы өтті
Енді елдегі мешіттерде жамағат намазы бірыңғай тәртіппен оқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құлшылық үйіне барушылар арасында түсініспеушілікке жол берілмейді және имамдарға қатысты талап күшейтіледі. Тиісті құжат елордада өткен V республикалық имамдар форумында қабылданды. Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Отырыста жаңадан салынатын мешіттерге Алтын Орда, Қарахан, Сарайшық, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұд Қашқари, Ахмед Иүгінеки сынды атақты тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныс та айтылды. Бұл бабалар салған діни жолды жаңғыртуға сеп болады, - дейді Мұсылмандар діни басқармасының өкілдері.
Қазақ жеріндегі ислам дінінің түп тамыры Қарахан мемлекеті дәуірінен басталып, осы күнге дейін жалғасын тауып отыр. Ғасырлар бойы халықты түзу жолға салып, бейбітшілік пен келісімді насихаттап келеді. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан исламды қадірлеу өте маңызды. V республикалық имамдар форумында Президенттің құттықтау хатын оқыған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осындай ой айтты.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс» деген болатын. Президентіміз қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп, құран оқыған кезде ең алдымен еліміздің амандығы мен бірлігін тіледі. Себебі бұл – ең басты құндылық. Бұл тұрғыдан алғанда, дін қызметкерлері де үлкен жауапты жұмыс атқарып отыр дейміз. Өз кезегінде мемлекет те еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтауға барынша күш салады. Соңғы жылдары қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты халықтың ынтымақ-бірлігін арттыруға бағытталған.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы биылғы жылды діни қызмет аясында «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялап отыр. Оның аясында бірқатар игі шара атқарылды. Мәселен, алапат апат болған бауырлас Түркия еліне, Сирия мемлекетіне гуманитарлық көмек жөнелтілді. Тағы көптеген отандасымызға армандаған баспаналарын сыйға тартты. Жалпы имам – қоғамды тәрбилеуші тұлға. Сондықтан осы форум аясында діни қызметкерлерге қатысты маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Бас мүфтиі:
- Имам енді бүкіл жамағатты, көпшілікті басқарғаннан кейін мешітке келетін көпшіліктің ынтымақ бірлігі нығаюы үшін, бірлік сақталуы үшін мешіттің ішіндегі құлшылықтың өзіндік бір реттік тәртібі болуы керек. Сондықтан біз осы бағытта да құжаттар қабылдап жатырмыз. Әрине, мешітке келген жамағат – ол халықтың келген өкілдлері, яғни қоғамнан келген өкілдер. Сол қоғамнан келген өкілдердің бірлігі мешітте сақталса, қоғамға деген бірлік ол ары қарай иншалла насихаттайтын болады.
Айта кету керек, бүгінде облыстық және қалалық мешіттердің жанынан ашылған отбасылық кеңес беру орталықтарының жұмысы күшейтілді. Бұл оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, былтыр имамдар елде 10 мыңға жуық жұптың ажырасуының алдын алған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бұл жұмыс ары қарай да жалғасын табатындығын айтты. Ал форум соңында Бас мүфти бабалар салған діни жолды жаңғырту мақсатында жаңадан салынатын мешіттерге Алтын Орда, Қарахан, Сарайшық, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұд Қашқари, Ахмед Иүгінеки сынды атақты тұлғалардың есімін беруді ұсынды.
Авторлары: Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев.