Қазақстанда білікті ұшқыш жетіспейді
Елде әуе қатынасына сұраныс артып келеді. Былтыр отандық компаниялар 11 млн жолаушыны тасыды.
Салада серпіліс болғаны қуантады, дегенмен сұраныс көбейген сайын маман тапшылығы мәселесі де күрделене бастады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда қабілетті ұшқыштар қат. Сондықтан отандық әуе компаниялары оларды амалсыз шетелден шақырып жүр.
Алғашқы 4 айда отандық әуе компаниялары 4 млннан аса жолаушы тасыды. Одан бөлек былтыр елде 410 мың ұшаққа қызмет көрсетілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90%-ға артық. Ресми статистика әуедегі қозғалыстың қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді. Алайда нарықтағы сұранысты білікті отандық мамандармен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қазір азаматтық авиация академиясында 1400 адам оқиды. Жылына 400 түлек бітіреді. Оның 40-ғы ұшқыш. Бірақ бұл жеткіліксіз. Оның үстіне түлектердің біліктілігіне де сұрақ көп.
Бекен Сейдахметов, Азаматтық авиация академиясының ректоры:
- Ұшқыштар саласында келсек, кішкене мәселелер бар. Өйткені Эйр Астанада Еуроодақтың дәрежесіндегі талап бар. Біз оған жеткен жоқпыз. Оған дайындап жатырмыз. Енді Еуропа Одағының талабына сай келеді деп жатырмыз. Бірақ сертификатымызды әлі алған жоқпыз. Біздің стратегиямыз бойынша 2025 жылы Еуропа Одағының сертификатын алуымыз керек.
Елде ұшқыштарды дайындайтын жалғыз академия осы. Қазір мұндағылар әлемдегі үздік оқу орындарына берілетін еуропалық сертификатты алуға дайындалып жатыр. Бірақ академия әлі де техникалық жабдыққа зәру. Білім ордасына ұшақтан бастап, жоғарғы стандарттарға сай заманауи құрылғылар қажет.
Дәулет Төреахметов, Азаматтық авиация академиясының ұшу жаттығу, ұшқыштарды дайындау, ұшу орталығының директоры:
- Жетіспейтін тікұшақтар бар. 2015 жылдан бастап тікұшақтарды дайындау жүріп жатыр. Тікұшақ жоқ болғанан кейін жалға аламыз. Ұшақтардың да жетіспеушілігі бар. Өзіміздің ұшақтар бар, бірақ ұшқыштардың ткөптігінен біз ұшақтарды арендаға алуға мәжбүрміз.
Академиядағы оқытушылар мен нұсқаушылардың да біліктілігін арттыру керек. Қазір бірқатары Еуропада оқып жатыр. Маман тапшылығын шешуге әуе компанияларының өздері де атсалысуда. Соның бірі - Эйр Астана компаниясы. Олар азаматтарды толық оқытып, жұмысқа қабылдап жатыр.
Ілияс Исабаев, әуе компаниясының менеджері:
- Қазір әлемдегі алпауыт компанияларының басым бөлігінде маман тапшы. Тиісінше, бізде де дефицит бар. Ұшқыштардың жеткілікті болғанымен, алда жаңа әуе кемелері қосылады. Сондықтан шетелдегі білікті мамандардың көмегіне жүгінеміз. Отандық мамандарды даярлауға да атсалысып жатырмыз. Біздің арнайы бағдарламамыз арқылы оқып, қазір жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміз бар.
Сала мамандарының пікірінше, мәселені шешу үшін білім беру ісіне инвестиция тарту керек. Сонда кәсіби ұшқыштар ғана емес, техникалық мамандарды да көбейтуге мүмкіндік болады.
Каталин Раду, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры:
- Әлемде әуе қатынасына сұраныс артып жатыр. Тиісінше маман тапшылығымен жаһандағы кез келген әуе компаниясы кезігіп отыр. Біз білім беру жүйесіне инвестиция тартуды жеделдетуіміз керек. Кей әуе компаниялары ұшқыштарды өздері оқытады. Бұл тәжірибеге де мән берген жөн. Саланы серпілтуге мемлекеттің қолдауы да артық етпейді.
Қазір елдегі авиация саласында 20 мың адам жұмыс істейді. Жылдан жылға маман тапшылығы өсіп жатыр. Бірақ нақты қай мамандыққа адам керек, қай бағытта тапшылық көп екені зерттелмейді. Азаматтық авиация өкілдері қолда нақты статистика болса, сол бағытқа басымдық берер едік дейді.
Бекзат Аманов, Руслан Әлиев