Алматы облысында Халықаралық бітімгерлер күніне арналған салтанатты шара өтті
Халықаралық бітімгерлер күні.
Әскери сала мамандары мамыр айының соңына қарай осы айтуыл күнді атап өтеді. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпіріндегі бітімгерлік операцияларға біздің мамандар да тұрақты қатысып тұрады. Мәселен, бүгінге дейін Қарулы күштердің жүздеген әскери қызметшісі осы жауапты қызметті атқарды. Қазірдің өзінде Ливан, Судан, Конго сияқты елдерде жүргендері бар. Осы орайда Алматы облысында Халықаралық бітімгерлер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Халықаралық бітімгерлер күніне арналған салтанатты шара бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жалпы қазақстандық мамандар аталмыш операцияларға тұрақты қатысып тұрады. Мәселен, Ирактағы қақтығыстар кезінде жерлестеріміз 4 миллионнан аса жарылғыш затты залалсыздандырып, 7 мың текше метрден аса суды тазалады.
Арман Тастамбеков, ҚР Қарулы күштері бітімгерлік операциялар орталығының нұсқаушысы:
- Қазақстанды көбі бейбітшілік пен келісім елі ретінде таниды. Сәйкесінше, халықаралық аренада ерекше құрметтейді. Біз осы мемлекеттің өкілі ретінде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Әріптестеріме жауапты қызметте сәттілік және жеке бастарының амандығын тілеймін.
Еліміздегі бітімгерлер қатары жыл сайын жаңа 10 адаммен толығып отырады. Оларды таңдауда физикалықкүш-қуат дайындығы, психологиялық төзімділігі және тілдерді білуі негізге алынады. Қазірдің өзінде 19 жерлесіміз Ливан, Судан, Конго және Батыс Сахарадағы әртүрлі операцияға қатысып жатыр.
Рима Шакеева, ҚР Қарулы күштері бітімгерлік операциялар орталығының аға офицер-нұсқаушысы:
- Батыс Сахарада 13 ай болдым. Қазір сол жиған тәжірибеммен бөлісіп, білген-түйгендерімді әріптестеріме айтып жүрмін. Әрине, бұл мен үшін үлкен қызметтік мектеп болды. Бір жағынан қызықты, басқа жағынан қорқынышты.
Халықаралық бітімгерлер күні аясында ерекше көзге түскен әскери мамандар марапатталды. Бұдан бөлек, Алматы облысында «Қазақстанның бітімгерлік қызметі» атты тарихи музейі ашылды.
Авторы: Аслан Қаженов