Солтүстік Тянь-Шань тауларында сел қаупі кезеңі басталады
Биыл Алматы маңында орналасқан 6 мұзды көл мамандарды алаңдатып отыр.
Себебі, ернеуінен асса жойқын сел болуы мүмкін. Мұндай табиғи апат, мегаполистің тауға жақын орналасқан аудандарына айтарлықтай шығын әкелуі мүмкін. Бүгін «Қазселденқорғау» және қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіп қатарына жататын су қоймаларын аралап шықты.
Іле Алатауында ауа райы қазір құбылмалы болып тұр. Күн сайын жауын-шашын, екі мың метрден астам биіктікте қар түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл морена аймағындағы қар өткен жылғыдан қалың. Бір-екі аптадан кейін мұның бәрі ери бастайды. Тікұшақтан қарағанда, су қоймасының шетіндегі мұз көбесінің сөгілгенін анық көруге болады.
Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:
- Айта кететін болсақ, осы келе жатқан айдың ортасынан бастап мореналық көлдерде жұмысты бастаймыз сол. Сол үшін құралдар мен жабдықтар бәрі дайындыққа келтірілген. Сел қауіпін автоматты түрде, мониторинг жүйесі де бұрынғы жылдары орнатылған болатын. Өздеріңіз білетіндей 31 станция бар бізде. Оның 8-і көлдерде орналасқан. Күнделікті көлдердің жағдайын қарап, бақылап отыратын боламыз.
«Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, Алматыға жақын маңда 51 морена көлі орналасқан. Бір қызығы, олардың саны әр жаңа маусымда өзгеріп отырады. Кейбір су қоймалары пайда болса, кейбіреулері жоғалады. Сондықтан олар үнемі бақылауда болуы керек. Ең қауіптісі – көлдің арнасының толуы. Ернеуі жырылса, су басу қаупі бар. Биылғы маусымда алты су қоймасы мамандардың жіті назарында. Көп ұзамай олар су деңгейін төмендетіп, селдің алдын алуға кіріседі.
Самат Дәуленқанов, "Қазселденқорғау" ММ қалалық пайдалану басқармасының басшысы:
- Бүгін барлық таулы аймақтарда биік шыңдарда қардың қалыңдығы жылдағыға қарағанда көп. Ол бір жғынан жақсы, өйткені, ауызсудың артықшылығы көп болады. Көлге де толып қауіп келтіруі мүмкін, дегенмен біз сифондар арқылы, носостар арқылы көлдің деңгейін түсіріп биылғы жылда бақылауымызда ұстаймыз.
Айта кетейік, мегаполистің таулы аймақтарында селден қорғайтын бөгеттер бар. Алайда бұл құрылымдардың жоғары жағында да адам аяғы үзілмейді. Оның үстіне, соңғы кездері Алматыда тауға серуендеу сәнге айналған. Мысалы, «бір күндік демалыста Богданович мұздығындағы әйгілі үңгірге бес жүзге дейін адам шығады екен. Сондықтан, таулы өзендердегі сел жағдайын үнемі бақылау қажет», - дейді мамандар. Ауа температурасы мен су деңгейі 19 бекетте бақыланады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев