Шаруалар отандық ауылшаруашылық техникаларын таңдайды
Елімізде көктемгі егіс жұмыстары соңғы шегіне таяп қалды.
Биыл қолайлы ауа райы, техника паркінің біршама жаңартылғаны науқанды ойдағыдай өткізуге мүмкіндік тудырды. Соңғы жылдары шаруалар көбіне отандық ауылшаруашылық техникаларын таңдайды. Ол түсінікті де. Өйткені шетелдікі қымбат. Қосалқы бөлшектерін алдыртудың өзі де қиямет қайым.
Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір еліміздегі егістік алқабының 85 процентіне дәнді дақылдар себілген. Биыл ауа райы да ашық қабақ танытып, науқанды тиісті мерзімінде өткізуге жағдай жасады. Еңбек өнімділігіне сапалы техника да сеп болғаны сөзсіз. «Көктемнің әр күні жылға азық екендігін ескерсек, дәл осы кезде трактордың сынып, тұрып қалмауы аса маңызды», - дейді ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер.
Айдос Дүйсенбиев, "Olzha Agro" агрохолдингі бас директорының орынбасары:
- Бізге ең маңыздысы - сервистік қызмет. Қандай да бір компания жақсы трактор жасағанымен сапалы сервис көрсетпейтін болса, онда ол техникадан бас тартамыз. Бұл жерде «Джон-дирді» мысал етіп, айтуға болады. Біздің холдингте қазір 75 «Ловол» тракторы барлық маусымдық жұмысқа тартылып жүр.
Былтыр Қазақстанда Ловол тракторы зор сұранысқа ие болды. Отандық өндірушілер шаруалардың өтінішін ескеріп, ауылшаруашылық техникасының қуатын арттырған.
Иван Розумович, "Rivan" ЖШС директоры:
- 150 ат күші бар екі трактор, 35 ат күші бар тағы біреуін сатып алдық. Неге таңдау «Ловолға» түсті десеңіз, техникалық сипаттамасы және баға ұсынысы толық көңілімізден шықты. Шынымен мақтауға тұрарлық. Оның үстіне қосалқы бөлшектерін алысқа шапқыламай, қаладан табуға болады.
Өндірушілердің алдында тұрған қазіргі міндет, техника құрамдарын барынша өзімізде жасап, өндіріс көлемін арттыру. Осы ретте «АгромашХолдинг KZ» зауыты базасында өткен жылы трактор кабинасын дәнекерлейтін өндістік желі іске қосылды.
Виктор Борисов "Агромашхолдинг KZ" өндірістік басқарма басшысының орынбасары:
- Бұл учаскенің өндірістік қуаты бір ауысымда 10 кабина шығарады. Оқшаулау орталығында орналасқан құрал-жабдықтар қажетті бөліктерін өзімізде жасауға мүмкіндік береді. Одан бөлек лазерлі құбыр кескіш, тоғыз метрлік жатканы дәнекерлейтін құрылғы сатып алдық. Металл құймасын дайындайтын цехты қайта жарақтандырдық. Қазіргі кезде техника шығаруға қажетті бөлшектерді өзіміз құйып аламыз.
Биыл отандық өндіріс желісін тағы бір техника толықтырды. Енді өзімізде Ловол комбайны шығарыла бастайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров